Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Белсенді ұзақ өмір» орталығында ақиық ақын М.Мақатаевты еске алуға арналған «Қазақ поэзиясының Хантәңірі» атты поэзия кеші өтті.
«Бойтұмар» әдеби клубының ұйымдастырумен өткен жыр кеші М.Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына арналды. Шара барысында клуб мүшелері ақын жырларын жатқа оқып, қайталанбас өнер иесінің өлеңіне жазылған әндерді шырқады. Атап айтқанда, ақынның төлқұжатына айналған «Фаризаға», «Есіңе мені алғайсың», «Сәби болғым келеді», «Сарыжайлау», «Аңса жаным», «Бозорамал» сынды танымал әндерін орталықтың белсенді қызметалушылары, клуб мүшелері А.Биназарова, О.Алтаева, Г.Абдикаликовалар жүрекке жеткізе орындаса, «Жазылар естеліктер мен туралы», «Ана сен бақыттысың», «Пай-пай өмір», «Соғыстың соңғы көктемі» өлеңдерін оқу арқылы ақынжанды ардагер ата-апаларымыз М.Байдалиев, Б.Баялиева, К.Оспанова, М.Тәжиева, Қ.Бесінбай, А.Әлқуатовтар көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Ақиық ақынның архивте сақталған өз даусымен оқыған өлеңдері де жыр кешіне ерекше атмосфера сыйлады.
Кеш соңында орталық директорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Баян Оразбекова сөз сөйлеп, әдемі әсер, рухани демалыс сыйлаған «Бойтұмар» әдеби клубы мүшелеріне алғысын білдірді.
С.Әлімқұлова,
«Белсенді ұзақ өмір» орталығының қазақ тілі нұсқаушысы