Ақын Мұса Жәлелдің 120 жылдығына арналған әдеби кеш өтті

Бүгін Достық үйінде татар халқының көрнекті ақыны, Кеңес Одағының Батыры Муса Жәлелдің 120 жылдығына арналған «Мұса Жәлел: ақын, жауынгер, адам» атты әдеби кеш өтті. Тағылымды шараның мақсаты – ақынның өмір жолы мен пеншығармашылығын насихаттау, жас ұрпаққа отансүйгіштік рух дарыту.
Әдеби жиынға Тараз қаласындағы Қазіргі заманғы гуманитарлық-техникалық колледждің студенттері мен оқытушылары, сондай-ақ «Қазақстандық татар және башқұрт конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері, жастары қатысты.
Кеш бейнероликпен басталып, татар халқының ұлттық әуендерімен әрленді. Студенттер ақынның балалық шағы, шығармашылық жолы, азаматтық ұстанымы туралы мәліметтер ұсынды. Мұса Жәлелдің ерте жастан поэзияға құштар болып, халық мүддесін жырлағаны ерекше атап өтілді.
Жиын басында сөз алған колледж директоры, республикалық қоғамдық бірлестіктің Жамбыл облысы бойынша филиалының төрағасы Фарида Нақыш пен татар-башқұрт мәдени орталығы «Айнуры» жетекшісі Амир Халиков ақын мұрасын насихаттаудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Ақынның соғыс жылдарындағы ерлігі кештің негізгі өзегіне айналды. Майданға аттанып, кейін тұтқынға түскен ақын фашистік лагерьде жүріп те күресін тоқтатпаған. Түрмеде жазылған өлеңдері кейін «Моабитская тетрадь» деген атпен жарық көріп, әлемдік әдебиеттің құнды мұрасына айналды. Кеш барысында «Ант», «Варварство», «Қызыл ромашка» сынды шығармалар оқылып, «Қызыл ромашка» өлеңі бойынша жоғарыда аталған колледж студенттерінің сахналық қойылымы көрсетілді. Бұдан өзге Тараз қаласындағы облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы «Ардагер» клубының мүшесі Ольга Соломон, Тараз қалалық әдеби клубының мүшесі Софья Алиева және этномәдени бірлестіктің белсенділері ақын өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Сондай-ақ, жиын кезінде алдағы республикалық референдум мәселесіне де назар аударылды. Қатысушылар референдум өткізудің маңыздылығы мен оған азаматтардың белсенді қатысуы қажеттігін атап өтті, азаматтық позицияны білдірудің қоғамдағы рөлі сөз болды.
Іс-шара соңында аталған колледж студенттері арасында өткен Мұса Жәлелдің 120 жылдығына арналған шығармашылық байқаудың жеңімпаздары марапатталып, арнайы сыйлықтар табысталды.
Әдеби кеш – ерлік пен поэзияны тоғыстырған тұлғаның өнегелі өмірін дәріптеген тағылымды іс-шара болды. Мұса Жәлелдің жалынды жырлары мен қайсар рухы бүгінгі ұрпаққа да үлгі болып қала береді.

Comments (0)
Add Comment