Ақылға апарар жол

Әлеуметтік желінің жетегінде жүріп, телефонның тұтқасына телміріп өскен өреннің өрісі тар болары анық. Негізі, барлық білім – кітапта. Ақылдың кеніне айналған кітаптың болар балаға берері мол.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Міне, көзді ашып-жұмғанша «Кітап оқып, миллионер бол!» байқауы күннен-күнге мәресіне жетіп келеді. Осы орайда балалардың кітап ішіндегі кейіпкерлермен бірге қиялдап, ақыл мен ойдың жетегінде, рухани азықтанып, ой-санасы әдебиетпен бірге дамып, жетіліп келе жатқаны жанға қуаныш сыйлайды. Әлемді компьютер меңгергендер емес, кітап оқығандардың басқаратынын ескерсек, қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің редакциясы ұйымдастырған әдеби сайыстың балаларға берері мол.

«Кітап оқып, миллионер бол!» байқауына бүгінгі таңда 58 мектептен 566 оқушы қатысуға ниет білдіріп отыр. 5-сыныптан – 145, 6-сыныптан – 95, 7-сыныптан – 75, 8-сынып- тан – 82, 9-сыныптан – 86, 10-сыныптан – 73, 11-сыныптан 10 оқушы дайындалып жатыр. Оқушылардың арасында 5-сыныптан 5 оқушы 15 кітап, 6-сыныптан 1 оқушы 15 кітап, 8-сыныптан 1 оқушы 20 кітап, 9-сыныптан 3 оқушы 20 кітап, 10-сыныптан 4 оқушы 20 кітап оқып бітірген.
Байқаудың шарты бойынша оқығанын зерделеп, санасына түйіп жүрген қатысушылар «Instagram» әлеуметтік желісінде «#Кітапоқыпмиллионер_бол» хештегімен өздерінің оқыған кітаптары туралы ой-пікірін білдіріп жүр. Осы орайда байқауға қатысуға ниет білдіріп, «Instagram» парақшасында жазба қалдырып жүрген бірқатар қатысушының пікірімен бөлісуді жөн көрдік.

Алтынай СӘРСЕНҚҰЛОВА, Ө. Жолдасбеков атындағы №50 орта мектептің 10 «Ә» сынып оқушысы:

– «Кітап оқып, миллионер бол!» атты қалалық жарысқа қатысқалы жатқан барша оқушыларға шын жүректен сәттілік тілеймін. Берілген кітаптардың ішінен ең алғашқы болып Даниель Дефоның «Робинзон Крузо» романы жайлы қысқаша айтқалы отырмын. Бұл шығармамен көбісіңіздің таныс болуларыңыз мүмкін. Ең бірінші шығарманың авторына тоқтала кетсек.

Даниель Дефо 1660-1731 жылдар аралығында өмір сүрген ағылшын жазушысы, публицист. Бұл Дефоның ең алғаш жазған романы және де осы романы оны дүниежүзілік даңққа бөледі. Ал шығарма жайлы айтатын болсам, Робинзон жақсы әулеттен шыққан, үйінің кенже баласы. Оның бала кезден теңіз саяхатшысы болуды армандағанын білемін. Өкінішке орай, оның әкесі ұлының теңіз саяхатшысы емес, заңгер болғанын қалады. Бірақ ол теңізді көрген сайын ойланып, қиялға бататын.

Робинзон өзінің ата-анасының айтқанын тыңдамастан, өз қиялының жетегінде досымен еріп, теңіз саяхатына шығып кетеді. Сол саяхатқа шыққаннан оның қиындыққа толы өмірі басталып кетеді. Ол теңізде неше түрлі қиындық көреді. Теңіз қарақшыларының қолына түсіп, құл болады. Ол жерден әрең құтылып, басқа теңіз саяхатшыларының қасына қосылып, «еліме аман-есен жетсем болғаны» деген кезінде алапат дауыл тұрып, кемелері алып жартасқа соғылып, адамдардың барлығы мерт болады. Сол кезде адамдардың ішінен жалғыз өзі ғана аман қалады. Робинзон өзінің аман қалғанына өте бақытты еді, бірақ белгісіз, адам аяғы баспаған аралда жалғыз қалғаны үшін өмірден түңіліп кететін.

Робинзон бірінші болып кемедегі азық-түлік, сондай-ақ өзіне керекті заттарды аралға әкеледі. Аралға жеткізіп алғаны сол еді, кемені ағыс шайып кетеді. Уақыт өте келе, жабайы ешкілерді қолға үйретеді. Робинзон бұл белгісіз аралда 28 жыл уақытын өткізеді. 28 жылдың ішінде оның істемеген ісі, көрмеген қорлығы жоқ. Ол 28 жылдан соң өз еліне аман-есен оралып, өмірлік серігін кездестіріп, әке де атанады. Бұл шығармадан түйгенім, әр адам өзіне берілген қандай да бір қиындық немесе сынаққа шыдап қана қоймай, күресе де білуі керек.

Сабина БАЙБОЛАТ, Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясының 5 «А» сынып оқушысы:


– Мен Льюис Кэрроллдың «Алисаның ғажайып елдегі басынан кешкендері» атты ертегісін оқыдым. Ол өте қызық екен. Оқып отырып мен де армандап кетіппін. Мен «Кітап оқып, миллионер бол!» деген конкурсқа қатысып, бірінші орынды алғым келді. Бірде кітап оқып отырып, кітаптарға жан біткенін көрдім. Шошып орнымнан атып тұрдым. Кітаптар ұшып, билеп, жүгіріп жүрді.

Мен «тыныш» деп айқайлап едім, барлығы тым-тырыс бола қалды. Мен оларға өз арманымды айттым. Мән-жайды біліп, кітаптардың маған көмектескісі келді. Мен қуана келістім. Мен тізімдегі кітаптарды атап, қай шығарманың керегін айтып едім, барлығы қаз-қатарымен тұрып маған сол шығарманы өзі айтып түсіндірді. Мен оған не түсінгенімді айттым. Олар менің тез түсінгеніме қуанды.

Мен дәптеріме жазып алдым. Он бес кітаптың орнын жазып болған соң шаршай бастадым. Ал кітаптар шаршаған жоқ еді. Менің ұйқым келді. Ал кітаптар бұж-бұж етіп, шулап маған маза бермеді. Мен қанша тыныштандырсам да, мені естімеді. Мен қатты ызалы болдым. Ал кітаптар мұны ұғар емес. Мен кітаптарға бар дауысыммен айқайладым да, шаршағанымды және егер сөйлеуін доғармаса, кітапханаға өткізіп тастайтынымды айттым. Олар сол сәтте тынышталды. Тынышталғаны сонша тілдерін жұтып, сөйлей алмай қалды. Мен ұйықтап алдым да, ерінбей кітаптарды
оқыдым. Енді орын аларыма кәміл сенемін!

Сара БАЙМҰРАТОВА, Жамбыл атындағы №5 мектеп- гимназиясының 10 «В» сынып оқушысы:


– Мен оқып бітірген кітаптарым – «Бақытсыз Жамал» және «Шұғаның белгісі» шығармалары. «Бақытсыз Жамал» – қазақ әдебиетінде көркем прозалық үлгіде жазылған тұңғыш роман еді. Шығарма сол кезеңдегі қазақ даласының шынайы тұрмыс-тіршілігін көрсететін эпизодтан басталады. «Бақытсыз Жамал» романының оқиғасына арқау болған мәселе де осы – ескі әдет-ғұрыптың қыспағына түскен қазақ қызының тағдыры.

Сүйгеніне қосылып, бақытты өмір сүруді армандаған бойжеткеннің трагедиялық жолы. Романның бас кейіпкері Жамал болатын. Сәрсенбай билік үшін Жамалды 9 жасында Байжан деген байдың ақыл-есі кемдеу Жұман деген баласына атастырып қояды. Жамал 15 жасында өзінің Жұман деген байдың ақыл-есі кем баласына атастырғаны туралы біледі. Шындықты білгеннен кейін ол әбден жүдеп, сырын, мұңын ешкімге айтпаған Жамал қолына дәптері мен қаламсабын алып, ішіндегі бар мұңын қағаз бетіне түсіреді. Оны анасы Шолпан оқып, қызына жаны ашып жылап алады. Күндердің бір күнінде шілдехана тойында жиналған жастардың арасында Жамал да болады. Сол жерде Ғали есімді жігітпен танысып, бір-бірімен өлең айтып жарысады. Олар бір-бірін ұнатып қалады. Кейін кездесіп, сезімдері арта береді. Бір күні Байжан Жамалды әкетуге бара жатқандығын хабарлайды.

Оны естіген қос ғашық қашуға бел буады. Ғали мен Жамалға татар саудагері көмектеседі. Қашып жүргенде Ғали қатты төсек тартып ауырып, кейін қайтыс болады. Жамалды ата-анасы Жұманға үйлендіреді. Жамалдың көрген қорлығын ешбір мұсылман пендесіне бермесін. Жамал бір түнде жылы киініп, сыртта байланып тұрған атқа мініп, «құтқардың ба, құдай?» деп қашып кетеді. Жамал 20 шақырым ауылдан асқан сәтте боран соғып, жол көрінбей адасып, сол боранды күнде көз жұмады.

Жамалдың денесін боран басылғаннан кейін ауыл адамдары тауып, қалтасындағы хатты оқу арқылы Байжанның келіні екенін біліп, қаралы хабарды естіртеді. Осылайша, Жамалдың баянсыз тағдыры аяқталды. Менің түсінгенім, ескі замандағы әйел теңсіздігінен ғашықтардың қосыла алмауы қыз тағдырының ауыр болғанын ұқтырады. Аллаға мың да бір шүкір, себебі қазіргі таңда әр қыз сүйгеніне қосылуына құқы бар. Мен осы заманның бақытты баласы болып ғұмыр кешкеніме разымын. Кітап бізге осындай ғажап туындыларды оқып, ой салып, өмірдің құнын терең ұқтырады. Жасай бер, әдебиет!
Екінші оқып бітірген кітабым – «Шұғаның белгісі». Повестегі бас кейіпкер – Шұға.

Кейіпкер арқылы тағдырына ата-анасын да емес, бауырларын да емес, өзін қоршаған әлеуметке де емес, шарасыздықтан өлімге барып тірелген қыз тағдырының өкініші, арманы көрсетіледі. Суреткер қайғылы Шұғаға бейтарап қарамайды, оған аяушылық сезім білдіреді. Әңгімеде келтірілгендей, Шұға бейнесі былайша суреттеледі: «Ажары қандай болса, ақылы да сондай. Жеңілдік дегеннің не екенін білген бала емес». Мұнда кейіпкер образдары біртіндеп, оқиға желісі бойынша басынан өткен істердің арқасында анықталып көрініп отырады.

Махаббатқа деген адалдық, ақылдылық, сезімнің нәзік тұстары қазақ жастарына тән әдеп пен иба салт-дәстүрге сіңіріле отырып баяндалған. Өз заманының қыздарымен салыстыру арқылы Шұғаны биікке көтереді.
Мен оқыған екі шығарма да маған ұнады. Екі шығарма бір-біріне ұқсас. Мен осы кітаптарды оқуға кеңес беремін. Кітап оқыған сайын ой-өріс кеңейіп, сөздік қор молайып, ойлау қабілеті артып, өз пікіріңді жеткізуге мүмкіндік алады екенсің. Мен соны сезіндім. Ендеше, іске сәт!

Батырхан БЕЙСЕМБЕКОВ, Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы:


– Сәкен Жүнісовтің қай шығармасы болмасын әрқайсысын жеке-жеке сөз етуге тұрарлық қомақты дүниелер. «Ақан сері» кітабы 2011 жылы жарық көрген қазақ әдебиетінде айрықша орын алатын кітаптардың бірі деп санаймын. Кітаптың оқырманға берері мол. Мәдени мұраның маңыздысы әрі пәрмендісі – ұлттың тілі, өмір салты, ұрпақтан-ұрпаққа көшкен саяси-құқықтық құндылықтар кітапта темірқазықтай нық орныққан.

Ескі заман мәдениеті, XIX ғасырда ел назарында жүрген әншілер, әділетсіздік, шынайы махаббат пен қайғылы трагедия, бұлыңғыр заман көрінісі, қоғамдық талас-тартыс, ішкі рулық алауыздық кітапта ерекше, толымды баяндалған. Шығарманың басты кейіпкері Ақан (Ақжігіт) серінің аңшылы-ғы мен саятшылы-ғын, әншілігі мен серілігін, тектілігі мен кісілігін, беделі мен ізеттілігін молынан сипаттап жазуы оқырманды лезде баурайды. Демек, автордың дарынды психолог екендігін де аңғардым.

Ақан сол бір кереғар заманда дүниеге келсе де, өмірдің ащы сынағына малтығып жүрген ел-жұртын өзінің ерекше серілік, саятшылық, әншілік дарынымен емдеп, мұңын домбыраның шанағынан шыққан әсем үнмен тарқатып отырған. Бұл романда Ақан қазақ даласына, қазақ еліне нағыз керек кезінде туғандай болып көрінеді. Осы бір кереғар замандағы бай-қожалардың көзсіз іс-әрекеттерінің кесірінен, серінің қанаты, жан досы, алтынға да айырбастамас асылы Құлагерден айырылады. Дәл сол сәттегі ұлы ақынның жан күйзелісін Сәкен сері бар болмысымен сезініп, шынайы суреттеген. Романда бұл оқиғаны оқыған қандай оқырман болмасын өне бойы шымыр етпей қоймас.


Мен барлық 11-17 жас шамасындағы жеткіншектерді осы «Кітап оқып, миллионер бол!» байқауына қатысуға шақырамын. Себебі кітап оқу – жеңіске жететін, жолы болғыш адамдардың әдеті екен. Баршаңызға сәттілік!

P.S: Жас жеткіншектердің кітап көзінен білім іздеуге деген талпынысы көңіл қуантады. Байқаудың аяқталар шағы жақындаған сайын шынайы оқырмандар сұрыпталып, рухани ілімнің шынайы бағасын ұғынған оқушылар желіде белсенділік танытуда. Біз байқауға қатысушы барша үміткерлерге зор зейін мен мол ынта тілейміз. Қадірменді оқырман, көңіл көздеріңіз ашық болсын!

Comments (0)
Add Comment