Қаңғыбас иттермен күрес күшеюде

Қазіргі кезде далада қаңғырған ит көп. Кезбе иттер көбіне азық іздеп, күл-қоқыстың арасында жүреді. Адамдар көп шоғырланған жерге әуес келеді.

Ең қорқыныштысы олар айналасына қауіпті болуы мүмкін. Біздің қаламыздағы көше кезген қаңғыбас иттер мәселесі өзекті тақырыпқа айналғалы көп болды.
Халқымыз жеті қазынаның бірі санаған ит атаулының бүгінде қадірі кетіп, құты қашты. Қазір құмай тазы, жүйрік ит деген сөздерге қарағанда, қаңғыбас ит деген сөз тілімізге жатық болып кетті. Иесіз жүрген ит көп. Көшені кезіп, ауланы аралап жүрген иттер адам баласы үшін қауіпті тіршілік иесі атанып отыр.
Қараусыз жүрген иттер адамдардың, балалардың өміріне, олардың мүліктері мен ұстап отырған үй жануарларына үлкен қауіп төндіруде. Иттер адам денсаулығына зиян келтіретін аса қауіпті аурулардың тасымалдаушысы, оны жұқтырушысы болып келеді. Көшеде қарғы баусыз, иесіз жүрген иттер қаңғыбас иттер болып саналады. Тұрғындар арасында асыраған иттерін жөнді қарамай, байламай, далаға қаңғытып жіберетіндер де бар. Тастанды күшіктер өсе келе бұралқы итке айналып, қоғамға қауіп төндіруде.
Сондықтан ит ұстайтын тұрғындар жауапкершілікті түсіну керек. Асырауындағы итін бос жібермей, қарғыбаумен байлауда ұстау керек. Ит асыраушы азаматтардың сана-сезімі оянып, өзгелерге деген құрметі артса, зардап шегушілер азаяр еді.
Бүгінгі таңда қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау жұмыстары, үй жануарларына тұрақты түрде профилактикалық іс-шаралар жүргізу қызметі қалалық ветеринариялық станция құзыретінде.
Тараз қаласы бойынша қазіргі таңда жыл басынан сәуір айына дейін «Жамбыл109» диспетчерлік қызметі арқылы 1412 өтініш келіп түсті, оның 50 пайызы топтасқан қаңғыбас агрессивті иттерді аулау болса, қалған 50 пайызы ит өлекселері мен тұрғындардың өз иттерін алып кету туралы өтініші. «Жамбыл109» диспетчерлік қызметінен бөлек қаңғыбас иттерді аулау бойынша «е-Өтініш» азаматтардың өтінімін қабылдау және өңдеу бірыңғай платформасы арқылы, Тараз қаласы мекемелерінен, жеке кәсіпкерлерден, білім, бала-бақша орталықтарынан хат түрінде де өтініштер келіп түсуде. Келіп түскен өтініштерді орындау үшін Тараз қаласы ветеринариялық станциясында1 диспетчерлік орталық, 2 ит аулау бригадасы, 4 адам жұмыс атқаруда. Ит аулау бригадасы иттерді ұстап, уақытша ұстау орнына алып бару үшін, ит өлекселерін биотермиялық шұңқырға тастау үшін 2 көлікпен, ит аулау құралдарымен жабдықталған. Ауланған иттерді Байзақ ауданы, Талас ауылдық округі, Талас №27 учаскесінде орналасқан Тараз қаласы әкімдігінің Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімімен келісім шарт жасалған Жеке кәсіпкер «ДАТтрейт» ашқан жануарларды уақытша ұстау орнына өткізеді. Ол жерде ветеринария мамандарының тарапынан иттерге кастрация, стерилизация, құтыру ауруына қарсы вакцина салу, чиптеу жұмыстары жүргізіледі. Егер ит 5-6 күн ішінде агрессивті мінез танытпаса, кастрация, стерилизация жұмыстары жүргізіліп, құтыруға қарсы вакцина салынады және құлағына сырға тағылып, қайта қоршаған ортаға жіберіледі. Егер көшеді құлағында сырғасы бар ит жолықтырсаңыз ол ит қауіпсіз екендігін біле жүріңіздер.
Сонымен қатар, елімізде 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап ит-мысықтарды міндетті тіркеу, оны қадағалау қолға алынады. Кез келген тұрғынға егер ит немесе мысық асырайтын болса, жануарларын ветеринариялық клиникадан тексерістен өткізіп, жануарына құжат алып, сырғалау және чиптеу міндеттелмек.
Жануарларды тіркеу елімізде жаңадан енгізілген «TANBA» бірдейлендіру дерекқоры арқылы жүзеге асырылады. Тараз қаласы бойынша қазіргі уақытта «TANBA» бірдейлендіру дерекқорымен Тараз қаласы ветеринариялық станциясы жұмыс жасауда. Жануар өз иесінің жеке сәйкестендіру нөміріне теркелетінін хабарлаймыз. Тіркеу барысында жануарға салынған екпелер, дертерінің тарихы, айрықша белгілері көрсетіледі. 2023 жылы заң күшіне енгізілгеннен кейін, үй жануарлары тіркелмеген жағдайда үй жануарларының иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.

С.Нұржаубаев,
Тараз қаласы ветеринариялық станциясының директоры

Comments (0)
Add Comment