Ақтауда көпқабатты үйлерде пәтеріне бөлме қосып алғандардың қатары артты

Ақтауда соңғы жылдары көппәтерлі үйлердің төменгі қабатындағылар қосымша бөлме салып алатын болған, деп хабарлайды Экспресс К тілшісі. 

Ақтауда кеңес заманында салынған үйлердің бірінші қабатында тұратын пәтер иелері үйге жапсарлас етіп бөлме қосып алу жағдайы жиі байқалады.

Мұндай үйлердің бірінші қабатында дүкен, тағы да басқа кәсіпкерлік нысандар үшін бөлме салатындарына көпшіліктің көзі үйренген. Ал тұрғын-жай ретінде бөлме қосуға қаланың сәулет-құрылыс саласына жауапты мекемесі қалайша рұқсат бергені баршаға қызық.

Экспресс К тілшісі Ақтау қаласында бірқатар ықшамаудандарды аралап, қосымша бөлме қосып алған үйлерді зерттеп көрді.

Қаладағы 13 ықшамауданда мұндай үйлердің қатары көп. Тіпті, бірінші қабатты айтпағанда, екінші қабаттан да бөлме қосып алған тұрғындар кездеседі. Мұның қаншалық заңды екенін көршілер де әлі күнге дейін түсіне алмай дал. Әрі жапсарлас салынған бөлмелер төтенше жағдай кезінде кедергі келтіруі де әбден мүмкін.

«Көппәтерлі тұрғын үйдің бірінші қабатынан тұрғын-жай ретінде бөлме қосу қаншалықты заңды?» деген сауалды Ақтау қаласының әкімдігіне жолдадық.

Ақтау қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандары көппәтерлі тұрғын үйге жапсарлас етіп бөлмелердің салынуын заңсыз деп айтпағанымен, оның қаншалықты талапқа сәйкес келетінін қарапайым түрде түсіндіріп бере алмады. Тек бұған жауап ретінде жер туралы кодекстің 62-ші бабының 3-ші тармағын алға тартты.

Аталған кодексте тұрғынүйдің бірінші қабатынан адамдар тұру үшін жапсарлас етіп бөлме қосып алуға заңды түрде рұқсат берілетіні туралы жазылмаған. Тек кәсіпкерлік нысанға заңды түрде рұқсат берілетіні анық айтылған.

Әкімдік мамандары тілге тиек еткен 62-баптың 3-тармағының қысқаша мазмұны төмендегідей:

  • Үй жанындағы жер учаскесі тұрғын үй нысанынан тыс орналасатын және оны пайдалану құрамына кіретін жер телімін пайдалану талаптарына, сонымен бірге, тиісті талаптарға қайшы келмейтін жағдайларда, адам тұрмайтын үй-жайлардың жұмыс істеуінің технологиялық қажеттеліктерін қамтуы керек болғанда аталған жер телімдері жекеменшікке беріледі.

Яғни, көппәтерлі үй жанындағы жер учаскесі пайдалану талаптарына сәйкес келуі керек. Сонымен бірге, тиісті талаптарға қайшы келмейтін жағдайларда адам тұрмайтын үй-жайлардың жұмыс істеуінің технологиялық қажеттеліктерін қамтуы тиіс. Сонда ғана аталған жер телімдері жекеменшікке беріледі.

Осыдан кейін көппәтерлі үйлердің бірінші қабатында тұрғын-жай үшін пайда болған бөлмелердің қаншалық заңды екенін біле беруге болатындай. Мұндай бөлмелер салынатын кезде төтенше жағдайға жауапты мекемелер заңнаманың өзгеруіне байланысты қазір қадағаламайды екен.

Азаматтық қорғау орындары заңға енгізілген түзетулерге байланысты 2011 жылдан бастап құрылыс саласындағы бақылау құзыретінен айырылған. Сонымен бірге, салынып жатқан құрылыстың өртке қарсы жай-күйімен және жобалау құжаттарымен алдын ала таныса алмайды екен.

«Төтенше жағдайлар департаменті 2016 жылдың 1 қаңтардан бастап салынып жатқан нысандардың қабылдауға қатыспайды. Еліміздің «Азаматтық қорғау туралы» Заңына байланысты жер учаскесі бойынша мәселелер азаматтық қорғау органдарының құзыретіне кірмейді. Осы орайда тұрғын үйлерге жапсарлас салынатын құрылыстар азаматтық қорғау органдарының қатысуынсыз пайдалануға қабылданады», — деді Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары.

Ақтауда күн санап жаңа ықшамаудандардың қатары көбейіп келеді. Мұндағы жаңа үйлерге бөлме қосып алып, пәтерін кеңейтіп жатқан оқиғалар мүлдем кездеспейді. Бірақ… Кеңес заманында салынған ескі үйлер орналасқан ықшамауданда тұратындар мұндай жағдайларға көндіккен секілді.

Бұған дейін Экспресс К Ақтауда көпқабатты үйге кіретін екі есіктің бірін иемденіп алған тұрғын туралы жазды. Ол үйдің бірінші қабатынан қосымша бөлме қосқанымен қоймай, кіре беріс есікті отбасымен жеке қолдану үшін бекітіп алған еді. Алайда кейін құзырлы орындар араласқаннан кейін шектен шыққан тұрғын көршілерімен келісімге келген.

Comments (0)
Add Comment