Ақтөбелік өзін банк қызметкерімін деп таныстырған адамға алданып қалды. Ол банк шотындағы 780 мың теңгесінен айырылды, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Ол ұялы телефон нөміріне қоңырау шалған адамға сеніп, банк есепшотындағы 780 мың теңгесінен айырылды.
«Банктің «жалған» қызметкері әйелдің сеніміне кіріп, оның шотынан банк қызметкері 780 мың теңге ақшаны жымқырған. Алданған әйел полицияға жүгінді. Полиция қызметкерлері күдікті адамды анықтауға және ұстауға бағытталған жедел іс-шаралар жүргізіп жатыр. Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Осы баптың санкциясы бойынша мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айырылады.Тіпті төрт мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуды не сол мөлшерде түзеу жұмыстарын не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуды не төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді не сол мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген», – деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Полиция департаменті дербес деректерді, карта деректемелерін, интернет банктегі жеке кабинеттің логині немесе паролін телефон арқылы басқа біреуге айтпауға кеңес береді.