«Анасы жолда жатқан баласын шұлығы арқылы таныған»: Ақтөбеде көлік қағып өлтірген жасөспірімнің туыстары оқиға жайлы айтты

Қайғылы оқиға Ақтөбе қаласында болған. Жоғары жылдамдықпен жүйткіген жол талғамайтын көлік 15 жастағы жасөспірімді қағып кеткен. Марқұмның анасы кінәліні абақтыға қамап, тиісті жазасын алса екен дейді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Нұрзада Ашибаева ұлының өмірден озғанына әлі сене алмайды. Жалғызбасты ана екі баланы тәрбиелеп отырған. Әділет – үйдің кішісі. Анасының сөзінше, 10-сыныпта оқыған ұлы информатикадан түрлі олимпиадаларға қатысып, ІТ маманы болуды армандаған екен. Қайғылы оқиға болған күні жасөспірім әжесінің үйіне бармақшы болыпты. Енді анасы кінәліні жазадан құтылып кете ме деп қорқады.

«Көліктен түскенде, ол адам жасаған ісіне өкінбеген де, телефонын алып хабарласа бастаған. Тіпті жанына да бармапты. «Жас бала жүгіріп шықты, қазір есін жинап, тұрып кетеді» деген екен. Тиісті жазасын алып, қамауға алынса деймін», – деп мәлімдеді Нұрзада Ашибаева.

Оқиға қала орталығында болған. Апат кезінде түсірілген видео әлеуметтік желіде бірден тарап кеткен. Куәгерлер жол талғамайтын көліктің жоғары жылдамдықпен жүргенін айтады.

«Өте мейірімді, ақылды, көңілді бала еді. 10-сыныпта оқыды. Сол күні ол менің үйіме келе жатқан. Біздің итіміз бар, күнде келіп итке қарайтын. Әрдайым бір жолмен, тек жаяу жүргіншілер жолымен жүретін. Сол жерде болғандар екі көліктің жарысқанын айтады. Бірі – қара, екіншісі – ақ. Тротуарға дейін бірнеше қадам қалыпты. Соққының қатты болғаны соншалық, аяқ-киімі ұшып кеткен. Анасы нәскиі арқылы таныпты», – деді марқұмның әпкесі.

Жасөспірімнің туыстары көлікті облыстық мәслихат депутатының ұлы тізгіндегенін айтады.

«Анам қазір ештеңе айта алмайды. Жалғыз ұлдарынан айырылды. Көлік жүргізушісінің туыстары апат күні де, жерлеуіне де келді. Әзірге жүргізушіні кешіре алмаймыз. Жиенім оқиға орнына барып, сұрастыра бастағанда ол балаларға жолдан өтуді үйрету керек деп айтыпты», – деп қосты жасөспірімнің әпкесі.

Аталмыш дерек бойынша полицияда қылмыстық іс қозғалған.

«Қылмыстық кодекстің 345-бабы, 3-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Көлік жүргізушісі Ақтөбе қаласы полиция басқармасының уақытша қамау изоляторына қамалды», – деді Ақтөбе облысы баспасөз қызметінің басшысы Ерболат Сарқұлов.

Жүргізушінің кінәсі дәлелденсе, бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Алайда марқұмның анасы кінәліні жеңіл жазамен құтылып кете ме деп қорқады. Әйел енді Президенттен көмек сұрамақшы.

Comments (0)
Add Comment