Ақтөбеде 78 миллион теңгеге сатып алынған картоп дүкенге жеткенше шіріп кетті

Тұрақтандыру қорының картобы қоймадан дүкен сөресіне жеткенше шіріп кеткен. 78 миллион теңгеге сатып алынған картоп жарамсыз, себебі оны тұрғындар сатып алғысы келмейді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі   Stan.kzсайтына сілтеме жасап.

Супермаркеттегі су тегін картопты ешкім алғысы келмейді. Келісі 84 теңге тұратын картоп тұрақтандыру қорынан келген.

“Сырты жақсы болғанымен іші қарайып тұр. Екі есе қымбат аламыз енді”, – дейді тұрғындардың бірі.

Ақтөбе әлеуметтік корпорациясы биыл тұрақтандыру қорына 268 тонна картоп алған. Өндірушіден 68 теңгеден сатып алыпты. Оған қазынадан 78 миллион теңге бөлінген. Осылайша оны тұрғындарға қолжетімді болсын деп қаладағы супермаркет желілеріне сатуға шығарыпты.

“Басқа біреулер алмастырған. Бұл картоп емес“, – дейді “Ақтөбе” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы АҚ басқарма төрағасы Әнуар Асылов.

Ал дүкен басшысы қандай тауар әкелді соны қойдық деп отыр.

“Бұл кісі не айтып тұрғанын білмеймін. Осы келген қызыл 84-тің картобы” – деді дүкен басшысы Нұргүл Тасбаева.

Тұрақтандыру қорындағы “гала” тұқымдағы картоптың сауда желілеріне сатылымға шығарылғанына екі ай болған. Алайда тұрақтандыру қорындағылар арнайы комиссиядан сапаға байланысты шағым естімедік дейді. Шіріген картопты ауыстыруға тапсырма беріп мән-жайды анықтайтын болады.

Comments (0)
Add Comment