Ақша туралы айрықша ашық сабақ

Қазіргі таңда қаржылық сауаттылық әрбір адамның өмірінде маңызды рөл атқаратын дағдыға айналды. Яғни, ақшаны дұрыс басқару, табыс пен шығынды бақылау, болашаққа жоспар құру – қаржылық тұрақтылыққа жетудің негізгі жолдары. Осындай сауаттылықтың болмауынан қарыздың құрығына түсіп, алаяқтарға алданып жатқан адамдар да жетерлік. Сондықтан қаржылық сауаттылықты мектеп қабырғасынан бастап оқытудың маңызы зор.

Оның үстіне қазіргі жаһандану дәуірінде қоғамның қарқынды дамуы мен өзгеруі білім беру жүйесіне жаңа талаптар қояды. Білімнің мазмұны мен сапасы ғана емес, оны тиімді қолдану да маңызды бола түсуде. Осы тұрғыдан алғанда, функционалдық сауаттылық, яғни білім алушылардың өмірлік жағдайларда алған білімін іс жүзінде қолдана білу қабілеті басты назарда болуы тиіс. Бұл оқушылардың тек теориялық білімді меңгеріп қана қоймай, сол білімді шынайы өмірде қолдана білуін қамтамасыз етеді Демек, біз жоғарыда тілге тиек еткен қаржылық білім осы функционалдық сауаттылықтың маңызды бір бөлігі.
Осыған орай Тараз қаласындағы №64 орта мектепте «Цифрлық білім беру ресурстарын қолдану арқылы білім алушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру» атты қалалық семинар аясында Қаламқас Рысдаулетова 3 «Ә» сынып білім алушыларына «Қағаз ақша» тақырыбында ашық сабақ өтті. Сабаққа қала мектептерінен мұғалімдер тәжірибе алмасу мақсатында арнайы қатысты.
Шара барысында балалар функционалдық сауаттылығын өмірмен байланыстыра отырып, дүкеннен мектепке қажетті оқу құралдарын ақшаға сатып алып, есептер құрастырды. Қаламқас Жамбылқызы да өз кезегінде сабақты қағаз ақша тарату арқылы бағалап, балаларды қызықтыра білді. Осы ретте балғындардың бәрі ашық сабаққа ұлттық киімдерді киіп келіп, халқымыздың құндылығын насихаттауға зор үлес қосқанын айта кеткен абзал.

Аман ЕСЕН

Comments (0)
Add Comment