Әрбір ұлттың өзіндік болмысы, табиғи сипаты бар. Қазақ халқының ел билеу дәстүріндегі қалың бұқара мен биліктің арақатынасына көпір қызметін атқарған институт – ол ақсақалдар кеңесі еді. Бейнелеп айтқанда, халық – киіз үйдің керегесі, билік – шаңырағы болса, ал ақсақалдар институты кереге мен шаңырақтың арасын жалғаған итарқа немесе уық болатын. Осы себептен де атам қазақ «Ауылда көнекөз қарияң болса, жазып қойған хаттан кем емес, ауылда төбең болса, ерттеп қойған жүйрік аттан кем емес» деп мәтелді санасына сіңіріп өскен.
Иә, халық қариясына қарап бой түзейді. Ақсақалына қарап елі өседі, көргендерін бойына түйіп өседі. Қай қоғамда да алдыңғы аға буын өзінен кейінгілерге жол көрсетіп, бағыт береді. Қазақ қоғамында ол міндетті қариялар атқарып келген. Дала заңы бойынша ел ішіндегі екеуара немесе руаралық дау-дамайды әділ шешіп, жанжалдасқан екі тарапты мәмілеге келтіріп, татуластырыпты, тентек-теліні тезге салып, түзетіп отырған. Яғни қандай жағдайда да ақсақалдарымыз ел ішінің бірлігін сақтап қалуды көздеген.
Қазір де ел ісінде ақсақалдардың үлес салмағы басым. Тәуелсіздіктен соң қоғамдық институттар қалыптасты. Солардың бірі – ақсақалдар кеңесі. Бұл кеңес түрлі деңгейде нәтижелі жұмыс істеп келеді.
Жамбыл облысында аталған бағыттағы жұмыстарды Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан құрылған Ақсақалдар кеңесі атқарып отыр. 2023 жылдың 4 тоқсанында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің құрамы толықтай жаңартылып, қазіргі таңда 221 адамды құрайды. Оның 31-і – облыстық, 64-і – аудандық және 126 ақсақал ауылдық ақсақалдар кеңесі құрамына кіріп отыр.
Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы қызметін Асқарбек Сейілханов атқарып келеді. Асқарбек Ақылшаұлы кеңес төрағалығымен қатар, Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық орынбасары қызметін де қатар алып жүр.
Кеңес 2024 жылдың І тоқсанында облыстық, аудандық және ауылдық деңгейде 116 шара өткізіп, 7 810 адам қамтылды. Атап айтар болсақ, Тараз қаласының Достық үйінде биылғы 31 қаңтар күні облыс әкімі аппаратының басшысы, өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лесбек Илебаевтың Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері және этномәдени бірлестік төрағаларымен келелі кездесуі өтті. Кездесу барысында өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілханов Ақсақалдар кеңесінің жұмысы, мемлекеттік саясатты ақпараттық-түсіндіру бағытындағы жұмысымен таныстырды.
Жалпы Асқарбек Ақылшаұлы қоғамды құрушы жастардың мәдени құндылықтарын көтеру мақсатында жастарды театрға тарту мәселесін үнемі көтеріп келеді. Осы мақсатта «Қоғамдық келісім» мекемесі жанынан этнос жастарынан құрылған «Достық» театрын құрды. Былтырғы жылы Театрлар фестивалінде І орын алған ұжым биыл Алғыс айту күнінің идеологиясына сай М.Мағауиннің «Бір атаның балалары» шығармасынан үзінді сахналап, жұртшылыққа ұсынды.
Қойылым режиссері, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы А.Сейілханов спектакльде Ахмет атаның рөлін сомдап, өнеге көрсетті. Спектакльде Қазақстандағы ең ауыр және зұлмат жылдары мәжбүрлі түрде қоныс аударушыларды қазақ халқының қалай қабылдағаны туралы көрсетілді. Бұл қойылымды көрермендер назарына түрлі этностардың балалары, жастарынан жуырда құрылған «Достық» жастар театры ұсынды.
Қойылым режиссері – өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, «Әулие Ата» қазақ мәдени орталығының өкілі Асқарбек Сейілхан. Режиссер өзі қойылымда Ахмет атты кейіпкердің рөлін сомдады.
Өңірлік аналар кеңесі мен ақсақалдар кеңесі өкілдері Тараз қалалық №85395 әскери бөлімінің әскери қызметкерлерінің отбасы мүшелерімен Алғыс айту күніне орай кездесу өткізді. Отанға адал қызметімен, үлгілі тәртібімен көзге түскен сарбаздардың аналарына облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының Алғыс хаты табыс етіліп, алғыс айтылды. Аналар кеңесінің мүшесі Сара Даузова және ҚХА Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Исмайл Хаджимуратов қазақ жерінің біртұтастығын сақтауда қазақ батырлық мектебінің, жерлесіміз Бауыржан Момышұлының даңқты жолын жалғастырып жүрген сарбаздарға батасын берді. Шараның ең ұтымды жері – Жамбыл жоғары политехникалық колледжі студенттерінен құрылған «Жас сарбаздар» әскери-патриоттық клубының қаруды пайдалану ептілігі мен шеберлігін көрсетуі болды. Бұл клубтың мүшелері этнос жастарынан құралған екен.
Сондай-ақ Алғыс айту күніне орай ҚХА Ақсақалдар, аналар кеңесінің өкілдері «Әжемнің ертегісі» және «Батаменен ел көгерер» жобаларын ілгерілету мақсатында №33 «Айсәуле», №17 «Балбөбек» бөбекжай-бақшаларының бүлдіршіндерімен кездесіп, түркі халықтарының ертегі жинағын сыйлады. Ақсақалдар кеңесінің өкілдері түрлі жағдайларға арналған баталардың үлгілерімен таныстырып, балақайларға аталық ақ батасын берді. Арнайы қазақы салт-дәстүрмен жабдықталып, ұлттық тағамдар қойылған дастарқан басында бөбектердің бата беру өнері тамашаланды. Балалар өз туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілікпен «Атамекен» әнін орындады. Шараның ерекшелігі – этнос балаларының қамтылуы. Жобалардың мақсаты – мемлекет құраушы ұлттың мәдени кодын балалардың бойында қалыптастыру, этностарды қоғамдық өмірге интеграциялау, балалардың кітап оқу мәдениетін дамыту. Бұл жобалар Меркі, Мойынқұм, Т.Рысқұлов аудандарында да жүзеге асырылды.
Дүнген, өзбек, қырғыз, тәжік, әзірбайжан, күрді ақсақалдары мектептер, колледждер, жоғары оқу орындары, әскери бөлімдер және еңбек ұжымдарында қоғамдық келісім мен бірлік тақырыбына арналған «Тарих ғибраты» тақырыбында 22 кездесуге қатысып, 2 400 адаммен жүздесті.
Бұдан бөлек, Достық үйінде этнос жастарын қоғамдық-саяси өмірге интеграциялау мақсатында Жамбыл облысы ардагерлер кеңесі облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы «Ассамблея жастары», қоғамдық және этномәдени бірлестіктердің жас өкілдерімен кездесті. Басқосуда Жамбыл облысы ардагерлер кеңесінің мәдениет және жастар ісі жөніндегі төралқасының төрағасы Мұхаметілда Байшонов, Жамбыл облысы ардагерлер кеңесінің орынбасары, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, Желтоқсан ардагері Исмаил Хаджимуратов, облыстың ардагерлер кеңесі төралқа мүшесі, ақын, жазушы Майлыбай Смағұлов бірлік пен бітімгершілік, татулық пен тұрақтылықтың қайнар көзі саналатын Достық үйі жастарға мықты тәрбие беретін бірегей мекен екенін ерекше атап өтті.
Бұдан бөлек, Маңғыстау облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің ағымдағы жылдың 13-14 наурыз күндері «Ақсақалдардың аталы сөзі» атты республикалық конференциясы өткен болатын. Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің жұмысын одан әрі жетілдіру және дамытуды көздеген шараға Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары Асқарбек Сейілхан қатысып қайтты. Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың арнайы шақыртуымен ат басын батысқа бұрған Асқарбек Ақылшаұлы жиында аталы сөзін арнап, баталы тілегін білдірді. Мұнайлы өлкеге Әулиеатаның атынан ұлы жерлесіміз М.Х.Дулатидің асыл бейнесі тоқылған кілемді сыйға тартты.
Сонымен қатар Қордай ауданында өткен облыстық «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы ғылыми-сараптамалық тобының «Өңіріміздегі қоғамда этностардың тұтастығын сақтау және нығайту» тақырыбындағы кеңейтілген отырысына өңірлік ақсақалдар кеңесінің төраға орынбасары Абдурахман Зайнутдинов, Қордай аудандық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов қатысып, Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтылған түйінді ойлар мен ұсыныстар талқыланды. Саяси салмағы жоғары жиында Бетқайнар округінің ақсақалдар кеңесінің мүшесі Латиф Абылкасымов Ұлттық құрылтайда қозғалған білім мен ғылым саласына қатысты мәселелердің өзектілігіне тоқталды.
Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен Байзақ ауданының жастарымен кездесу өтті. Онда қоғамда достық пен бірліктің дәстүрлі құндылықтарын насихаттау, этномедиация институтын этносаралық ортадағы жанжалды көріністерден бас тартуға бағытталған әлеуметтік көзқарастар туралы айтылып, құқық бұзушылықтар үшін заңды жауапкершілік, этникалық жастармен жұмысты жандандыру, мемлекеттік тілдің этносаралық коммуникация тілі ретіндегі қоғамдық маңыздылығы, құрылтайда көтерілген діни радикализмге жол бермеу сынды мәселелер де басты назарда болды.
Ал «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі арқылы этникалық жастармен жұмысты жандандыру, мемлекеттік тілдің этносаралық коммуникация тілі ретіндегі қоғамдық маңыздылығы, құрылтайда көтерілген діни радикализмге жол бермеу сынды мәселелер де басты назарда болды. Аталған ауқымды тақырыптар аясында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілханов және «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкері Рахат Ерханұлы кеңінен тоқталды. Жиында этносаралық шиеленісті талдау және олардың алдын алу шараларын әзірлеу үшін респонденттерден мазмұнды ақпарат алу мақсатында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық қызметі жастар арасында сараптамалық сауалнама жүргізді.
Сондай-ақ аудандарда да ақсақалдар кеңесі мүшелерінің қатысуымен бірқатар іс-шаралар өткізілді. Мәселен, ағымдағы жылдың ақпан айында Шу ауданы Қонаев ауылы Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесі халық арасында қоғамдық келісімді қамтамасыз ету, өзге ұлттар арасындағы бірлік пен достықты нығайту мақсатында ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Наурыз айында Төле би ауылы Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесі халық арасында қоғамдық келісімді қамтамасыз ету, өзге ұлттар арасындағы бірлік пен достықты нығайту мақсатында ауыл тұрғындарымен кездесті. Аудандық Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің мүшелері Шу қалалық «Алмас» колледжінің студенттерімен бірлік пен толеранттылық туралы басқосу өткізді.
Қордай ауданы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесі 2024 жылдың қаңтар айында Ақсақалдар кеңесінің І отырысы өткізілді. Барлық ауылдық округтердегі құрылған Ақсакалдар кеңесінің төрағалары мен орынбасарлары қатысқан жиында қоғамдық-саяси жағдайға ықпал ете алатын белсенді, беделді азаматтардан пулы сарапталды. Олармен этнос өкілдері арасында қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мақсатында іс шаралар ұйымдастырылу мәселесі талқыланды. Ауданда халық бірлігін одан әрі нығайту және қоғамды ауданның тұрақты даму жолына топтастыру мақсатында Ақсақалдар кеңесінің жұмыстары тұрақты жүргізілуде.
Қаңтар айында Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің пленумы өтіп, онда қоғамдағы келісім мен бірлікті сақтау мақсатындағы бірлесе атқарар шаралар талқыланды. Пленумға барлық округтегі Ардагерлер, Әкелер және Аналар, Билер кеңесі төрағалары мен төрайымдары қатысты. 2024 жылдың 7 ақпан күні Степной ауылдық мәдениет үйінде Степной ауылдық округі бастауыш ардагерлер кеңесі төрағасының және Билер, Әкелер, Аналар кеңестерінің 2023 жылы атқарған жұмыстары туралы ауыл зейнеткерлеріне есеп беру жиыны өткізілді. Жиынға қатысқандар аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Б.Әлімбет, аудандық билер кеңесінің төрағасы С.Сайбиров, Степной ауылдық округінің әкімі А.Кенжебаев және ауыл зейнеткерлері мен ардагерлері қатысты. Әр кеңестің төрағалары 2023 жылғы есептерін баяндап, пікірлер мен ескертулер айтылды. Жыл қорытындысы бойынша жұмыстарды бағалау нәтижесінде, Степной ауылдық ардагерлер ұйымы І орынға ие болғанын да айта кеткен жөн.
Меркі ауданы Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Байсейіт Жылысбаев мен Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, әзірбайжан «Хазар» этномәдени бірлестігінің төрағасы Гульага Джамалов Андас батыр, Сарымолдаев ауылдық округтерінің тұрғындарымен, ата-аналар қауымымен және Аналар кеңесі мүшелерімен кездесу өткізді. Жиын барысында аудандық, ауылдық ақсақалдар кеңесінің құрамы балалар арасында дау-жанжалды болдырмау, құқық бұзушылық, суицид, нашақорлықтың алдын алу мақсатында бірнеше мәселелерді талқылап, балаларды қорғау саласында ынтымақтастық пен татулыққа, бейбітшілік пен бірлікке шақырды.
Ақсақалдар кеңесінің мүшелеріне этносаралық арандатушылардың жақын ортасымен профилактикалық түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, этносаралық шиеленістің алдын алу мақсатында этнос өкілдері тығыз шоғырланған ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесулер өткізілді.
Сондай-ақ аудандық білім бөлімі мен «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен Ақсақалдар кеңесі, аудандық ішкі істер басқармасының мектептердегі полиция қызметкерлері, мектеп әкімшіліктерінің қатысуымен білім ошақтарында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізіліп келеді.
Т.Рысқұлов ауданында 17 қаңтар күні Ақсақалдар кеңесінің 2024 жылға жұмыс жоспары бекітілді. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында жалпы 19 іс-шара өткізіліп, 2 371 адам қамтылды. 15 ақпан күні аудандық Достық үйінде Ауған соғысы ардагерлері М.Тлепов, Е.Шабиеевтің қатысуымен дөңгелек үстел өткізілді. Кеңес мүшелері 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні арналған мерекелік жиынға толықтай қатысып, нәзікжанды азаматшаларға ақ батасын берді. 14-23 наурыз аралығында аудан көлемінде өткізілген онкүндік наурызнама шараларына қатысып, өмірлік ақыл-кеңестері мен өсиеттерін айтып, баталарын берді. Ал Ақсақалдар кеңесінің төрағасы республикалық батагөйлер сайысына қатысып, арнайы жүлде мен диплом алды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақсақалдар кеңесі туралы үлгілік ережеге сәйкес бектітілген Сарысу аудандық ақсақалдар кеңесінің құрамы жалпы 10 адамнан тұрады. 1 аудандық және1 ауылдық ақсақалдар кеңесі жұмыс істеп келеді. Ұлттық тәрбиені қалыптастырып, ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында Жаңатас қаласындағы Д.Қонаев атындағы орта мектебінде «Ұлттық тәрбие – ұлт құндылығы» тақырыбында аудандық форум өтті. Форумға Жаңатас қаласының Ақсақалдар кеңесінің мүшелері қатысты.
Мойынқұм аудандық Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы Ақсақалдар кеңесін құру туралы кеңес отырысы өткізіліп, топ жетекшісі бекітілді. Топ құрамына аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, аудандық орталықтандырылған кітапхана жетекшісі, аудандық имам, «Мойынқұм мүбәрак» қоғамдық қорының жетекшісі және аудандық теолог енгізілді. Сонымен қатар Ақсақалдар кеңесімен бірлесе отырып I тоқсанда 3 кездесу өткізілді. Ауданның зиялы қауым өкілдері, этнос өкілдерінің әлеуметтік желіде видеороликтері тұрақты жариялануда.
Жамбыл ауданы бойынша ағымдағы жылдың ақпан айында Бурыл, Қостөбе ауылдарында Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесі халық арасында қоғамдық келісімді қамтамасыз ету, өзге ұлттар арасындағы бірлік пен достықты нығайту мақсатында ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді.
1 наурыз – Алғыс айту күніне орай аудандық Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің мүшелері Сарыкемер ауылы Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесі халық арасында қоғамдық келісімді қамтамасыз ету, өзге ұлттар арасындағы бірлік пен достықты нығайту мақсатында ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді.
Жуалы ауданы Ақсақалдар кеңесі Қоңыртөбе, Нұрлыкент ауылдық округтерінде кездесулер өткізді. Кездесуге «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, аудандық билер кеңесінің төрағасы, этномәдени орталығының этнос өкілдері, ақсақалдары, ауылдық округ әкімдері, аудандық «Жаңа өмір» газетінің тілшілері қатысты.
Ақсақалдар кеңесі мүшелері азаматтар, мемлекеттік және қоғамдық институттар арасындағы сындарлы коммуникациялар мен өзара іс-қимылды нығайту, қоғамдық келісім мен бірлікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекет пен қоғамның «кері байланыс» тетіктерін ұйымдастыруда.
Ақсақалдар кеңесі мүшелері ақпан айында Ардагерлер орталығының ашылуы рәсіміне, наурыз айында аудандағы этномәдени орталықтарға берілген кабинеттің ашылуына қатысты.
Ақсақалдар кеңесі мүшелері 17 наурыз – «Шаңырақ» күні ұйымдастырылған «Алтын шаңырақ» және «Күміс кереге» 50 және 25 жыл отасқан отбасылармен кездесуге, жас жұбайларға «Наурыз бата» беру шарасына бата берді.
Ал Талас ауданының ақсақалдар кеңесі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Әсемовтің қатысуымен Ойық, Кеңес, Ақкөл ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесу ұйымдастырылды. Ақсақалдар кеңесінің мүшелері аудандық орталық кітапханада аудан жастарымен кездесіп, ұлттық құндылықтар туралы дөңгелек үстел өткізді.
Жалпы ақсақалдарымыз өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, ел бірлігін сақтауға белсенді атсалысып, ортақ іске барынша зор үлес қосуда. Ақсақалдар кеңесі бірлесе атқарған жұмыстары арқылы бүгінде тұрғындардың татулығы мен бірлігін, қоғамның қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуге өз ықпалын тигізіп отыр.
Алдағы уақытта да қоғамдағы тұрақтылыққа аса зор назар аударып отырса, Ақсақалдар кеңестері Үкімет пен тұрғындар арасындағы әмбебап диалог алаңына айналатыны сөзсіз.
Аққу ҚАРАТАЕВА,
«Қоғамдық келісім» КММ жобаларды іске асыру және
ҚХА құрылымдарымен жұмыс бөлімінің басшысы,
бас сарапшы