Еліміздің өркениетті алпауыт мемлекеттерден қалыспай, тең қадам басуы үшін болашақтың тұтқасын ұстар білімді ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің міндеті. Бұл үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда.
Білім мен ғылымның дамуы – адамзат өркениетінің өлшемі. Білім саласы үнемі жетіліп, жаңарып отыруды қажет етеді. Біз өмір сүріп отырған қазіргі кезең – бұл жаңа дәуір, жаңа көзқарасты, жаңашылдықты талап ететін кезең. Соның ішінде білім саласында болып жатқан жаңа өзгерістердің мәні мен маңызы зор. Алайда талғам өзгергенімен, талап жалғыз. Ол – қазіргі заманғы бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ қалыптастыру.
Осыған байланысты М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің «Ақпараттық жүйелер» кафедрасы мен Португалияның Браганса политехникалық институты (IPB) арасында 7М06113-«Корпоративтік ақпараттық жүйелер және технологиялар» білім беру бағдарламасы бойынша магистратураның қос дипломды бағдарламасын жүзеге асыру туралы келісімшарт жасалған. Бұл бағдарламаны әзірлеу мен жүзеге асыру шарттары Дулати университеті мен IPB арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумда және қос диплом бағдарламасында көрсетілген.
Бағдарлама кәсіпорындарды басқарудағы заманауи ақпараттық технологиялар, ақпараттық жүйелердің қызметтері мен қосымшаларын әкімшілендіру, ақпараттық жүйелердің әртүрлі компоненттерін жобалау және әзірлеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық білім кеңістігіне және еңбек нарығына қатысуын қамтамасыз ету салаларында жоғары деңгейдегі ғылыми-техникалық білім мен кәсіби дағдыларға қол жеткізуді мақсат етеді.
Оның аясында 7М06113-«Корпоративтік ақпараттық жүйелер және технологиялар» білім беру бағдарламасы бойынша техникалық ғылымдар магистрі академиялық дәрежесі және «Информатика» мамандығы бойынша магистр атағы беріледі. Білім беру деңгейі – 2 жылдық курс.
Бағдарлама аясында кредиттердің жинақтық жүйесі қолданылады. Ол бұрын меңгерілген кредиттерді ескереді. Браганса политехникалық институтында меңгерілген теориялық курс бойынша емтихан өткізу ережелері мен білімді бағалау саясаты IPB-дің жалпы регламенті мен технология және менеджмент факультетінің педагогикалық регламентімен реттеледі. Ал М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде меңгерілген пәндер ТарУ-дың ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.
Білім беру бағдарламасының мазмұны тиісті мемлекеттік міндетті білім беру стандарттарымен, үлгілік оқу жоспарларымен және оқыту нәтижелері ретінде сипатталған біліктілік талаптарымен айқындалады.
Қазіргі уақытта қос білім ордасы арасындағы келісім нақты нәтижесін беруде. Мәселен магистрант Нұржан Шәкенов қос дипломды білім беру бағдарламасы бойынша Браганса политехникалық институтында білім алып жатыр.
Алған білімі мен біліктілігі негізінде бүгінгі өзгермелі өмірді еркін бағдардай алатын, өзін-өзі дамытып, өз бетінше дұрыс, жауапты шешім қабылдай білетін тұлғаны тәрбиелеу – қоғамдық мәні үлкен мәселе. Мағжан Жұмабаевтың «Тәрбиеден мақсұт – баланың тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығару емес, келешек өз заманына сай қылып шығару… Әр тәрбиешінің қолданатын жолы – ұлт тәрбиесі» дегеніндей, ақпараттық технологиялар заманында жоғары білімді ұлт болуымыз үшін жас ұрпақты ұлттық құндылықта тәрбиелеудің маңызы өте зор. Өскелең ұрпақтың бүгінгі келбеті еліміздің ертеңін елестетеді. Ал ел ертеңін қалыптастыру білім беруді жаңғыртудан басталады.
«Ұлылықтың басында ұстаз тұрар» демекші, білім саласындағы басым бағыттардың бірі – педагог мәртебесін арттыру болып отыр. Қазіргі таңда мұғалімдер біліктілігін арттыруда Назарбаев зияткерлік мектептерінің қасындағы педагогикалық шеберлік орталықтарында және педагогикалық біліктілігін көтеру бойынша Ұлттық орталықтарда әлемдік тәжірибеге сай мұғалімдер біліктілігінің жаңа (бірінші, екінші, үшінші) деңгейлері бойынша білімін жетілдіруде. Қазіргі заман мұғалімінен қоғамдық дамудың деңгейінен көрінетін, оның әлеуметтік парызына жауап беруін көздейтін, жаңашылдыққа жаны құмар, әр ісіне гуманистік сезіммен қарайтын, педагогикалық күрделі құбылыстарды идеялық адамгершілік тұрғыдан шеше алатын, жаңашыл ойлау дағдыларын меңгерген, шығармашылықпен еңбек ететін маман болуы талап етіледі.
Еліміздегі жастар саясаты әрбір азаматтың жан-жақты дамып, бәсекеге қабілетті болып қалыптасуы үшін барлық жағдай жасауда. Бүгінге дейін тек жастар үшін түрлі білім және әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асырылды. Сондықтан, ең алдымен еліміздегі білім ошақтарының санын көбейту көзделіп отыр. Қазіргі таңда Қазақстанда мектептердің 70 пайызға жуығы – қазақ тілді мектептер. 140 жоғары оқу орны, соның ішінде 896 техникалық кәсіптік білім беру ұйымдары іркіліссіз жұмыс жасап келеді. Жыл сайын 34 мыңнан астам білім гранттары бөлінуде. Тағы бір толағай жетістігіміз – «Болашақ» бағдарламасы арқылы 10 мыңнан астам жас шетелде білім алды. ТМД елдері ішінде тек тәуелсіз Қазақстанда ғана жастарға шынайы көңіл бөліп, болашағын бағамдауға үлес қосып, шетелдерде оқуға мүмкіндік беретін «Болашақ» бағдарламасы жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Сонымен қатар соңғы 5 жылдың ішінде қазақстандық 20 мыңнан астам жас «Дипломмен – ауылға!» жобасы аясында ауылдық елді мекендерде еңбек етуде.
Жастар – еліміздің келешегі, ал білімді жастар – мемлекетіміздің жарқын болашағы. Жастардың мәртебесін көтеріп, оларға жан-жақты көмек көрсетіп, толыққанды білім беруге, өз мүмкіндіктерін толық пайдалануға барлық жағдайлар жасалуда.
Қазақстандық жас буынның бойына отаншылдық, іскерлік, жауапкершілік сияқты қасиеттерді қалыптастырмай, жастардың ізгілікті, рухани өркендеуіне жол ашпай, әлеуметтік ұстанымдағы экономикасы бар демократиялық қоғам құру мүмкін емес. Кезінде Алаштың ардақты азаматы Мұстафа Шоқай «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халықтың қажеті мен мұң-мұқтажын жоқтайтын азамат шықпайды» деген еді. Ұрпақ тәрбиесі, бүгінгі қоғамға лайықты азаматтарды тәрбиелеу – күрделі мәселелердің бірінен саналатын үлкен жауапкершілікті, жан-жақтылықты талап ететін іс.
А.Нуримбетов,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті «Ақпараттық жүйелер» кафедрасының
профессоры, т.ғ.д