Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйек айындағы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын қала тұрғындарына ақпараттық түсіндіру мақсатында қала әкімінің 2022 жылғы 16 қыркүйектегі №75-ө өкімімен 5 қалалық ақпараттық топ құрылған болатын.
Жалпы саны 50 адамнан тұратын топтың құрамына зиялы қауым өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, оқу орындары мен кәсіпорын басшылары, білікті ұстаздар, этномәдени орталықтар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен ардагерлер, мемлекеттік қызметкерлер енгізілді. Сондай-ақ топтардың мүшелеріне Жолдаудың мәтіні мен тезистері бар брошюралар таратылды.
Президент Жолдауының басты бағыттарын түсіндіру бойынша облыстық ақпараттық топтардың мүшелері мекемелер мен кәсіпорындардың ұжымдарымен кездесулер өткізді. Айталық, жоғарғы және арнаулы оқу орындарында, мектептер мен балабақшаларда Жолдаудың басым бағыттарын түсіндіруге арналған «дөңгелек үстел» отырыстары, кездесулер, жиындар және тағы да басқа шаралар ұйымдастырылуда.
Жалпы Жолдауды түсіндіру мақсатында бүгінгі күні қала көлемінде 50-ге жуық іс-шара өткізіліп, оған қаланың 3000-нан аса тұрғындары тартылды. Сонымен қатар Тараз қаласы әкімдігінің ресми сайтында, қалалық «Jambyl-Taraz» газетінде Жолдаудың мәтіні екі тілде жарияланды. Сондай-ақ, «Jambyl-Taraz» газетінде Жолдауда берілген нақты тапсырмалар, қоғамдық пікір көшбасшыларының, Жолдаудың негізгі бағыттары бойынша тиісті сала мамандарының пікірлер топтамасы жарық көрді.
Бұдан бөлек қалалық «Jambyl-Taraz» газетінде арнайы айдармен 33 мақала жарияланып, «JAMBYL», «77 ТV», «Taraz 24» телеарналарынан 22 сюжет көрсетіліп, ақпараттық агенттіктерде 19 және әлеуметтік желілерде 24 материал оқырманға ұсынылды.
Ұлана Сламбекова, Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы