Ақмола облысында ет өнімдері жалған анықтамалармен сатылған

Атбасар ауданының прокурорлары ет өнімдерін сатуға жалған ветеринарлық анықтамалар берудің жолын кесті.

Аудан прокуратурасы Атбасар қаласындағы мал сою пункті ветеринариялық зертханасының қызметінде мал өнімдері мен шикізатына ветеринарлық-санитариялық сараптама жүргізу кезінде талаптардың сақталуы мәселесі бойынша тексеру жүргізді.

Анықталғандай, жергілікті кәсіпкер ветеринария саласындағы қызметке мемлекеттік лицензиясы бола отырып, зертханалық зерттеулер жүргізбестен базарларда және басқа жерлерде сатылатын ет шикізатының сәйкестігі туралы жалған ветеринариялық анықтамалар берген.

Небәрі 3 жыл ішінде кәсіпкер осындай 850 анықтама берген. Яғни сауда нүктелерінің сөрелеріне ондаған тонна зерттелмеген мал еті түскен. Соның салдарынан тұтынушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнді.

Аталған факт бойынша уәкілетті органдарға заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсыныс енгізілді. Қарау нәтижелері бойынша кінәлі азамат 6 ай мерзімге лицензиясының қолданылуын тоқтата отырып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – делінген прокуратура хабарламасында.

halyq-uni.kz

Comments (0)
Add Comment