Жуырда ҚР Білім және ғылым министрлігі молекулярлық биология және биохимия институтының ғалымы Бақытжан Әлжанұлының геномды редакциялау көмегімен I типті қант диабетін емдеуге арналған бірегей жасушаларды ойлап тапқаны жаһан жұртшылығын таңғалдырды. Бұл жасушаларды трансплантациялау ұйқы безіне инсулин өндіруге ғана емес, сонымен бірге оның денедегі деңгейін өз бетінше реттеуге мүмкіндік бермек. Болашақта құрылым науқас пациенттердің безіне трансплантацияланады екен. Осы орайда жерлесіміз Бақытжан Әлжанұлына хабарласып, ойлап тапқан жаңалығы төңірегінде тілдесудің сәті түскен еді.
– Бақытжан Әлжанұлы, ең әуелі өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз. Қай жердің тумасысыз?
– Мен 1991 жылы Талас ауданы, Ақкөл ауылында дүниеге келгенмін. 2009 жылы сондағы Ақкөл орта мектебін «Алтын белгімен» аяқтап, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне «Биотехнология» мамандығына оқуға түстім. 2013 жылы аталған оқу орнын да үздік тәмамдап, сол жылы «Болашақ» стипендиясының иегері атандым. Соған байланысты 2014-2017 жылдары АҚШ-тағы Нью-Йорк университетінде фармацевтикалық «Биотехнология» мамандығы бойынша магистратурада білім алдым. Ал енді отбасыма келер болсам, жанұямызда 5 ұл, 1 қызбыз. Отбасымда 4-ші баламын. Ата-анам да, бауырларым да жоғары білімді азаматтар. Олар қазір түрлі салаларда жұмыс істейді. Шаңырақ көтергенмін, 1 қызым бар.
– АҚШ-та білім алғаныңызды айтып қалдыңыз. Осындай алпауыт мемлекеттің оқу жүйесінен көңіліңізге не түйдіңіз? Өміріңізге азық болардай не ала алдыңыз?
– Әрине, АҚШ білім-ғылым жағынан көш бастап тұрған ел екені баршаға белгілі. Соған сәйкес, олардың университеттеріндегі оқу бағдарламалары, ғылыми зерттеулері, соларға жұмсалған қаржы көлемі де өте жоғары. Содан болар, ағылшын тілін меңгеріп, алған білімімнің арқасында әлеуетім артып, көп дүниеге жол ашылды. Себебі әлемдегі ақпараттардың 90 пайызы ағылшын тілінде жететіндіктен, ғылыми-зерттеу мақалаларымен танысып, сол бағыттағы әдебиеттерден сусындауға, таным көкжиегінің кеңеюіне зор мүмкіндік туады. Содан кейін Қазақстанда қандай зерттеумен айналысуға болатынын, қай жұмыстың тиімділігі тез болып, жоғары бағаланатынын түсіне бастайсың. Осы жағынан алғанда, АҚШ-тың білім жүйесі өз пайдасын тигізді.
– Енді өзіңіз ашқан жаңалыққа келсек… Бұл жасуша туралы идея ойыңызға қайдан келді?
– 2017 жылы АҚШ-тан оралған соң, Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторантурасына оқуға түсіп, білімімді жалғастырдым. Сол кезде оқу орнының басшылығымен кеңесе отырып, қант диабетінен диссертация қорғауға бел будым. Өйткені бұл дерт тек елімізде ғана емес, жалпы дүниежүзінде зор маңызға ие. Содан соң АҚШ-тағы ғылыми жетекшіме хабарласып, мән-жайды түсіндірдім. Оның бағыты бөлек болғанымен, қай елдің институттары, зертханалары алдыңғы қатарда екенін жақсы біледі. Содан ол өзі танитын британдық Колумбия университетіндегі профессорге бағыт сілтеді. Қазіргідей дамыған заманда ол ғалымның жұмыстарымен, зерттеулерімен толықтай танысуға болады. Оның университетте диабетті зерттейтін арнайы орталығы бар. Оның құрамында 5-6 зертхана бар. Олардың әрқайсысында 15-20 адамдай жұмыс істейді. Содан оған хабарласып едім, ол өзінде әлі де жетілмеген тың идеялардың бар екенін, соны жүзеге асыру бойынша бірлесе жұмыс істеуге қарсы еместігін жеткізді. Ол жаққа аттанбай тұрып, ғылыми әдебиеттерді оқып, тақырыпқа тереңірек бойлауға түстім. Профессормен де үнемі байланыста болып, хат-хабар алмасып тұрдық. Ол кезде докторантурадағы тақырыбым да нақты белгіленбеген болатын. Содан онымен ақылдасып, 1-типтегі қант диабетіне қарсы клеткалы терапияның әдістерін жасауға кірістім. 2018 жылы жаз айында тағылымдамадан өтуге аттандым. Сол жерде 6 ай бойы осы зерттеудің ең күрделі тұстарымен айналыстым. Жалпы бұл жұмыстың бағаналы жасушалар кезеңі өте ауыр. Оған арнайы зертхана қажет. Ал бағаналы жасушалар аталық пен аналық ұрықтың қосылуынан пайда болады. Мұны денедегі кез келген жасушаға айналдыруға болады. Өйткені барлық клетка бастауын осы жасушадан алады. Тағы бір айта кетерлігі, бұл зерттеуге арналғандықтан, аталған жасушаны әлемде арнайы компаниялар сатылымға да шығарады. Зерттеу барысында біз мұның геномын, яғни ДНК-сін өзгерттік. Сол арқылы ол инсулин синтезін өздігінен жоғарылатып немесе төмендете алатындай қабілетке ие болды. Бұдан кейін оны дифференция әдісімен бағаналы жасушаларға дейін айналдырдық. Біздің қолымызда Бетта клеткалары тәрізді клеткалар бар. Бұл клеткалардың келешекте қант диабетімен ауыратын адамдардың ағзасына орналасып, толық жойылған инсулин синтезін қайта қалпына келтіруге әлеуеті жетеді. Алайда бұған дейін де зерттеуді қажет ететін тұстары жетерлік. Осылайша өткен жылдың басында толық нәтижеге қол жеткіздім. Жалпы ғылымда зерттеудің бір бөлігі көңілге қонса, оны жаңалық деп есептеуге болмайды. Себебі оны жан-жақты тексерген жөн.
– Бұл жаңалығыңыз құр жарнама күйінде қалып кетпей ме?
– Әрине, бұл бірнеше жылға созылған ұзақ ізденістің нәтижесінде жасалғандықтан, мұны жарты жолда қалдырмаймын. Канадада мұнымен қазір басқа адам айналысуда. Алайда жұмыс бағыты еш өзгерген жоқ. Ал өзімнің мақсатым – бұл жұмысты еліміздің жағдайына ыңғайлай отырып, емдеуге болатындай кезеңге жеткізу. Атап өтетін маңызды мәселе – Канада мен өзім жұмыс істейтін институттың бірлестігімен бұл зерттеу жалғаса берді. Сол үшін мұны мейлінше өзімізге бейімдеп, басқа қырынан да қарастыруды ойластырудамыз. Осы жаңалық жария болғалы тікелей өзіме қаншама хабарламалар, қоңыраулар келіп түсуде. Олардың арасында жақын адамы осы дертке шалдыққан жандар да бар. Мұның өзі бұл мәселенің қаншалықты ауқымды әрі өзекті екенін айғақтайды. Сондықтан мұны тек жарнама күйінде қалдыруға болмайды.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Құрбанәлі Аманкелдіұлы