«Ақ бидай» республикалық VII ауыл спорты ойындарының жеңіпаздарын қабылдады

Бейсенбі күні аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын «Ақ бидай» республикалық VII ауыл спорты ойындарының жеңіпаздарын қабылдап, құрмет көрсетті,-деп хабарлайды «Zhambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Бұл жарыстың мақсаты ауыл спорты ойындары арқылы қоғамда, оның ішінде, ауылдық жерлерде ұлттық және бұқаралық спорт түрлеріне деген қызығушылықты арттыру, сондай-ақ бұқаралық спорт түрлерін дамытудағы ең мықты өңірлерді анықтауға негізделген болатын.
Айтулы жарысқа еліміздің 14 аймағынан командалар жасақталып, спорттың 14 түрінен сынға түскен. Ал, жалпы командалық есепте Жамбыл облысы 5-ші орыннан көрінді.
Айта кетейік, Жамбыл облыстық іріктеу жарысында ауданның құрама командасы жалпы командалық есепте 2-ші орынды иеленген болатын. Облыс құрама командасы сапына енген жерлестеріміз Ақтау қаласында өткен дүбірлі додада асық атудан 1 орынды жеңіп алып, мерейімізді үстем етті.
Аудан, облыстың абыройын асқақтатып, намысты қолдан бермеген команда жаттықтырушылары мен спортшыларды құттықтаған Олжас Елебекұлы: «Бұқаралық спорттың дамуына үлес қосып келе жатқан жаттықтырушыларға және бедел биігінен көрініп отырған спортшыларға айтар алғысымыз шексіз. Себебі, сіздер аудан атын шығарып, облысымыздың жоғары сатыдан көрінуіне ықпал еттіңіздер. Осындай айтулы жарыстардан әрқашан жеңіспен оралуларыңызға тілектеспін», – деп жаттықтырушылар Елдос Жанқоразовқа, Алмас Садықовқа, Ердәулет Бейсембиевке, Дана Ғалиақпароваға және спортшы Райымбек Кенжебайұлына, Дәулет Елеусиновқа, Аружан Хабибуллаға аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті.

Мақсат Жұмабаев,
Жамбыл ауданы.

Comments (0)
Add Comment