Қағаздағы көрсеткіш нақты нәтижемен сәйкес келмейді

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» алаңында баспасөз конференциясын өткізуде. Баяндамасы барысында Әбілхайыр Ғалымұлы әуелі аймақтағы ауыл шаруашылығы саласының ахуалына тоқталды.

– 2024 жылы ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 29,9 млрд теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде, салада өнім 4,0 %-ға артып, 142,6 млрд теңгені құрады.

Биыл Үкіметтің статистикалық деректерді нөлге келтіру туралы тапсырмасына сәйкес, аудандарда егістік алқаптарға зерделеу жұмыстары жүргізілді. Өткен жылдары игеріліп жатқан жалпы егістік көлемін және су үнемдеу технологияларын пайдалану алаңдары бойынша есептер ұсынуда сәйкессіздіктер анықталды. Нәтижесінде, облыс аумағында 2023 жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 762,5 мың гектардың орнына 626,7 мың га шамасында алаңға орналастырылғаны белгілі болып, егіс алқабы 136 мың гектарға кеміді. Сол сияқты, су үнемдеу технологиялары енгізілген алқап көлемі 57,0 мың гектардан 40,0 мың гектарға қысқарды. Осы жылы қосымша 14,5 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізіп, жалпы алқап көлемін 54,5 мың гектарға жеткізу жоспарланған, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Сол секілді, мал басы және өндірілген өнімдердің көлемінде де ауытқулар анықталған. Мал басына санақ жүргізу арқылы жыл басында облыста тіркелген 4,1 млн бас мал саны 3,4 млн басқа дейін төмендетілген. Яғни, 762 мың бас мал шын мәнінде жоқ болып шыққан. Сондай-ақ өндірілген ет 34 мың тоннаға, ал сүт 115 мың тоннаға төмендеген.

Comments (0)
Add Comment