Қаһарман Қасым

Ел басына күн туғанда етігімен су кешіп, намысын жігеріне қайраған ерлеріміз аз болған жоқ. Сонау Қабанбай мен Наурызбайдан басталған батырлық жолын кешегі Бауыржан мен Рахымжандар лайықты жалғастырды. Бұлардың бәрінің көздегені бір-ақ мүдде – елінің ырысын өзгенің уысында кетірмеу еді. Әрине, осынау асыл мұратты өз өмірлерінен де артық қойған қазақтың хас баһадүрлері жайлы сөз қозғағанда, даңқты партизан Қасым Қайсеновті айналып өту мүмкін емес. Биыл ұлт мақтанышының дүниеге келгеніне 105 жыл толды. Осыған орай батырдың қуанышы мен қайғысы алмасқан аңызға бергісіз асыл ғұмыры туралы оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, атақты партизан, жазушы, Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің тағдыры өзі жазып кеткендей совет-герман соғысымен тікелей байланысты. Алғаш 1939 жылы әскер қатарына шақырылған 21 жастағы жігіт Мәскеу маңындағы арнайы барлау диверсия мектебіне жіберіледі. Нақты орналасқан жері мен атауының өзі құпия болған оқу орнында шетелде қызмет атқарып келген кәсіби барлаушылар дәріс береді. Кейіннен батырдың жеке хатшысы болып қызмет еткен белгілі суретші Еркін Нұразханның айтуынша, курсанттар олардың шын аты-жөндерін де білмеген екен. Қасым Қайсенов осы мектепте күшті дайындықтан өтіп, барлық жағынан шыңдалып шығады. Осы бір ерекше мектепте екі жылдай оқыған Қасымның өзі де барлаушылардың жазылмаған заңы бойынша «Вася» деген лақап атты иеленеді. Бұл есімді ол әкесінің ауылдағы досы Василийдің құрметіне таңдаған деседі. Осылайша жалған құжат арқылы соғысқа Василий Михайлович Булатов есім-сойын арқалап кірген жас жігіттің майдандағы өмірі басталады. 1941 жылдың қара күзі. Барлау ісінің қыр-сырын бір жылдан аса уақыт меңгерген соң, құпия мектептің арнайы курсынан өткен жауынгерлерді бір түнде ит тұмсығы өтпейтін қалың жынысты тоғайға әкеліп тастайды. Қарамағындағы 10 жауынгермен бірге парашютпен түскен бетте, аяқтары жерге тимей жатып қалың жаудың қоршауында қалған Қасым қасындағы серіктерінен түгел айырылады. Өзі он шақты күн бойы ну орманның ішінде бой тасалап, нәр сызбай, аштықта жан сауғалайды. Қасымның өзі қару-жарақты жетік меңгерген, өте қарымды партизан болған. Ол пышақ лақтыру, кездік қадау, жекпе-жек ұрыстың түрлі әдістерін игеріп, әбжіл қимылдайтын. Соның арқасында қас қағым сәтте қарсыластың дымын шығармай, оп-оңай мерт қылады екен. Бұл жайында кейіннен батырдың өзі естелігінде жазып кеткен.

Ескерусіз қалған ерліктер

Қасым 1941 жылдың қарашасы мен 1943 жылдың қыркүйегі аралығында, яғни екі жылдың ішінде екі адамнан бастап 7 мың жауынгерге дейін жеткен ірі партизан тобының құрамына еніп, өзі №6 отрядтың командирі болады. Осылайша Украинаның ну ормандары оның екінші үйіне айналады. Қасымның хас батырлығы туралы аңызға бергісіз ақиқат өте көп. Солардың бірі 1943 жылдың 21-22 қыркүйек күндері болған. Қасым Қайсенов басқаратын 120 мүшесі бар партизан отряды түн қараңғылығында тұтқиылдан ұрыс сала жүріп Григорьевка, Луковицы, Зарубинцы хуторларынан немістерді түгел қуып, ауылдарды босатып алады. Осы шайқаста Кеңес әскерлері шабуылға шыққанша бірнеше елді мекенді жанкештілікпен қорғап қалған отрядтың жүзге жуық партизаны ерлікпен қаза табады. Кеңес әскерлері Днепрдің оң жағалауына өткенде Қасым отрядынан 20 шақты адам ғана тірі қалған еді. Тарихшы Қанат Еңсеновтің зерттеуінше, Отан соғысы жылдарындағы Сталинград пен Курск шайқасынан кейін үшінші ірі майдан Днепр бойында Кеңес әскерінен 1,5 миллион, немістен 1,6 миллион адам жер жастанған. Алайда Днепр үшін болған шайқаста Букрин плацдармын дайындау үшін арпалысқан Қасым Қайсеновтің ұлы ерлігі мүлде ескерусіз қалады. 1944 жыл, Қасымның қайсарлығы сыналған тағы бір ұрыс. 700-ге жуық соғыс тұтқыны қамалған «Белая Таня» концлагеріне Қасым Қайсенов бастаған отряд шабуыл жасайды. Жау лагерьге баратын жолдың барлық бағытын түгелдей миналап, шегініп жатса, лагерьді жарып жіберуге дайын отырған. Ержүрек Қасым бастаған партизандар тапсырманы тап-тұйнақтай етіп орындайды. Бұл ғажайып ерлік КСРО Қорғаныс министрі болған маршал А.Гречконың «Карпаттан асу», генерал В.Лавриненковтың «Аспанға қайтып оралу», әскери тарихшы Г.Уткиннің «Шығыс жотасына шабуыл» еңбектерінде жан-жақты жазылған. Жалпы партизан Қасым Қайсенов 1941 жылғы қараша мен 1944 жылғы маусым аралығында жау тылына 4 рет десантпен түсірілген. Әуелі 1941 жылы 19 қарашада Украинаға, 1943 жылдың соңында Молдавия жеріне, 1944 жылдың басында Румынияға, соңғы рет 1944 жылдың маусым айында Карпат тауына парашютпен түскен. Соның барлығында да жанындағы майдандас достары әртүрлі жағдайда өлім құшса, кейде санаулы достарымен, кейде жеке өзі аман қалып отырған. «Мен соғыс кезiнде ажалдың алдына күн сайын неше барып, неше қайтқан адаммын. Перiштем қақты ма, әлде су iшкiлiгiм болды ма, соның бәрiнде аман қалдым. Ал алғаш шабуылға шыққан күнi-ақ бiрiншi оққа ұшқан бейшаралар аз ба?! Солардан менiң қай жаным артық едi?! Ендеше, мына көрiп жүрген күндерiмдi «олжа» демей, не деймiн?» – деп жазады партизан жазушы кейіннен.

Қаруды қаламға алмастырған партизан

1945 жылы өздері Вася атап кеткен Қасымды Украина басшылығы еліне жіберуге құлықсыз болады. Сөйтіп, оған бір кеңшардағы ет комбинатына директор болуға ұсыныс жасайды. Сол кезде қазақтың тағы бір партизан ұлы, ақын Жұмағали Саин Украинада жүрген Қасымды кездейсоқ кездестіріп қалады да, оны Алматыға ертіп келеді. Сұрапыл соғыс жылдары от кешіп, қан майданнан оралғанымен, болмысынан батыр мінезді Қасым бейбіт өмірге бірден бейімделіп кете алмайды. Соғыс жаңа біткен, ел есін жия қоймаған кез, жұмыс жоқ. Ыңғайлы жұмыстың табылмауы, пәтерден пәтерге көшіп, күнкөрістің қиындап кеткені батырдың жанына қатты батады. Қасымның қиналып жүргенін сезген майдангер достарының бірі, партизан ақын Жұмағали Саин оған Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовтің қабылдауына кіруге кеңес береді. Осылайша Қасым Жұмабай Шаяхметовтің нұсқауымен Жоғарғы Кеңестің ақпараттық-статистикалық бөлімінің референті боп қызметке орналасады. Алайда мемлекеттік қызметке мойынсұна алмаған кешегі жауынгер 1945 жылы бір емес, екі мәрте соғысқа қашады. Екеуінде де вокзалда ұсталып қалады. Ақыры айтқандарына көндіре алмаған соң, оны Орталық комитет арнайы жолдамамен партия мектебіне оқуға жібереді. 1950 жылдардың басында Қасым Қайсенов баяғы майдангер досы, ақын Жұмағали Саин арқылы әдебиетшілермен араласа бастайды. Майдан даласынан от кешіп келген офицер қаламгерлер Қасым Аманжолов, Хамит Ерғалиев, Сырбай Мәуленов, Мұзафар Әлімбаевтармен танысады. Солардың ықпалымен әдеби ортаның табалдырығын аттайды. Партизан соғыстарын ауызша әңгімелеп жүрген Қасымға сол кезде қаламдас достары естеліктерін қағазға түсіру туралы кеңес береді. Кейіннен партизандық өмір жолын, қарулас жолдастарының қаһармандығын бейнелейтін «Жас партизандар», «Ажал аузында», «Жау тылындағы бала», «Партизан соқпақтары», «Днепрде», «Жау тылында», «Елімнің ертеңіне сенемін», «Естеліктер мен жазбалар» секілді көптеген кітаптарын құнарлы тілмен оқырман жүрегіне жеткізеді. Қасым Қайсенов Екінші дүниежүзілік соғыстағы ерлігі үшін Отан соғысының бірінші дәрежелі орденімен, үш рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен және көптеген медальмен марапатталған. Бірақ «Кеңес Одағының Батыры» атағы мен жазушылық қырымен танылған кездегі еңбектеріне Мемлекеттік сыйлық берілмейді. Есесіне, хас батыр Қасым – ерлікті аңсаған жас ұрпақтың ең сүйікті кейіпкері. Тек қазақ азат ел болған тұста Президент Жарлығымен 1995 жылы Қасым Қайсенов тәуелсіз Қазақстанның Халық қаһарманы атағы мен «Отан» орденін алғашқылардың бірі болып кеудесіне тағады.

Жадында жатталған жарқын естеліктер

Сұрапыл майданда белуардан қан кешіп, от пен оқтан тайсалмаған Қасым Қайсеновтің ерлігі – өскелең ұрпаққа таусылмас тағылым. Сондықтан болар, қайсарлық пен Қайсенов бүгінде синоним іспетті біртұтас ұғымға айналған. Ал Халық қаһарманының жадында жатталып, әр жылдары қағаз бетіне түскен жарқын естеліктері батырдың болмысын одан сайын ашып, басқа қырынан таныта түседі. Біз де сондай естеліктердің бірқатарын топтастырған едік.

***

«Соғыста өмір мен өлім ғана болады. Егер аман қалсаң, жолың болғаны да. Фин соғысы басталып, мені де майданға жіберді. Бұл 1939 жылдың қысы еді. Мәскеуге барған соң диверсиялық-барлау мектебіне алындым. Аса құпия мектеп болуы тиіс, хат жаздырмайды, хат та алдырмайды. Әрі мектептің қай жерде екенін де, көшесін де білмеймін. Екі жыл оқытқан мұғалімдердің аты-жөнін де білмеймін. Шетелде ондаған жылдар болған кәнігі барлаушылар ғой. Ол мектепте оқудың өзі қиын. Сондай мамандардың қолына түсіп, тәлім алғаным – жолымның болғаны ғой. Әлгілердің берген білімі, үйреткен әдіс-айласы арқасында жаумен бетпе-бет кездескенде, жекпе-жекте жеңіліп көрмедім. Айқастарда аман шығып отырғаным сол мені оқытқан 20 шақты барлаушылардың көмегі шығар деп ойлаймын».

***

«Немістермен болған қиян-кескі шайқаста жаудың барлық тыңшысын жайратып салдым. Содан не керек, енді кете бергенде окопта жатқан баланы көзім шалып қалды. Өлтіруге қолым бармады. «Бейкүнә бүлдіршіннің қандай жазығы бар?» деп ойладым. Сөйтіп, оны өзіммен бірге орманға алып кеттім».

***

«Бауыржан да, Рақымжан да о дүниеге арманда кетті. Одан кейін маған «Халық қаһарманы» атағын берді. Мен сол атақты алғанда қуанды деп ойламаңдар. Халық қаһарманы белгісін кеудеме таққанда сыр бермей, шыдадым. Үйге келдім. Келдім-дағы есікті бекітіп, оңаша отырдым да, бір бокал коньякты ішіп алып, жыладым. Қатты күйзелдім. Ана екеуін о дүниеге жіберіп, өзім тірі қалып, осы награданы әдейі күткендей болдым. Өзімді солай сезіндім. Шынын айтқанда, бұл жұлдыздың маған керегі жоқ еді. Маған «Партизан Қасым Қайсенов» деген атақтың өзі жетеді. Кейін Рақымжанға «Халық қаһарманы» атағын берген күні тағы да жыладым. Өйткені аз да болса оның аруағы алдында арым тазарғандай болды».

***

«Біздің елге фашистер шабуыл жасап, жаугершілікке ұшырадық. Бәріміз де Отан қорғауға аттандық. Біреудің қолынан аз келді, біреудің қолынан көп келді. Айтайық, біздің қолымыздан көп келген екен. Соны халқымызға, Отанымызға сатуымыз керек пе?! Бізге не только Алтын Жұлдыз, не только орден-медаль беру, тіпті рахмет айтудың да керегі жоқ. Біз өзіміздің азаматтық борышымызды атқардық».

***

«Айталық, баяғы бір кезде Бауыржан Момышұлына да, Рақымжан Қошқарбаевқа да Батыр атағын беру керек деп жұрт айқайлап жүрді. Бірақ мен сонда көпшіліктің көзінше де, жиналыстарда да мына сөзді қайталап айтумен болдым. «Баукеңе Батыр атағының керегі жоқ. Оны табиғаттың өзі Батыр етіп жаратқан, халық солай деп қабылдаған. Мен де қартайып қалдым. Маған да ол атақтың керегі жоқ. Арамызда мына Рақымжанға берсе, әлі жас қой, жасаған ерлігінің қызығын көріп, тағып жүрсе, сол жарасар еді», – дейтінмін.
Бауыржан тастай берік, қара ағаштай қайыспайтын ерекше адам еді. Ол Батырлығын да, генералдығын да ала алмады. Сол күйінде іштен тынып, үндемей кетті. Ол еш уақытта, еш жерде өкпе-назын айтпайтын. Ал ашуланған кезде Рақымжан шыдамай, айтатын. Ол екеуміз өмірде бір-бірімізге жақын болып, жақсы араластық. Мені жақсы көргенде «Қасым аға» дейтін. Ал көңілінен шықпасам, «қара аю» дейді».

***

«Мен тумысымда қатал емес едім. Жұртты аяғыш едім. Бала кезімде далада жас шыбық жатса, «түнде қорқады ғой» деп, ұйықтағанда қойныма алып жататынмын. Кісі өлтіретіндей қатыгездік менің бойымда жоқ секілді еді. Соғыс бізді қатыгездікке үйретті, кекті оятты. Атыста аяушылық болмайды екен. Соғыс заңы – қатал. Жас кезде жасаған кейбір тентектігімді есіме аламын да, ойланамын. Осы мен партизан болуға ыңғайланып туған адам сияқтымын».

***

«Кім біледі, менің өмірімнің ақыры ауыр болуы да мүмкін. Өйткені қолы қан адам оның сазайын тартуы керек шығар. Бір кезде мен өзімнің бір кітабымда неміс халқына үндеу жарияладым. «Еңбекқор, талантты неміс халқы! Егер де менің қолымнан қанішер фашистерің қаза тапса, маған рахмет айтыңдар. Ал егер менің қолымнан байқаусызда, амалсыздан Гитлердің заңынан қорқып келген адал ұлдарың мерт болса, онда кешіріңдер мені. Мен оған кінәлі де емеспін. Кінәлі – Гитлер, фашизм», – дегенім бар. Сол айтқаным – айтқан».

***

«Мені біреулер роман, повесть жазды деп жүр. Оның бәрі – өтірік сөз. Мен роман да, повесть те, көркем әңгіме де жазған адам емеспін. Мен басымнан не кештім, өз қолыммен не істедім, өз ойымнан не өткіздім – соның бәрін фотоға түсіргендей еске түскендерін жазып жүрген адаммын. Сондықтан менің жазғандарымның бәрін бұрынғы партизан отряды командирінің басынан кешкендері деп түсіну керек. Ұлы Отан соғысы кезінде партизандардың фашистерге қарсы қолданған әдіс-айласы деп ұғыну керек. Басымнан кешкен оқиғаларымның 70-80 пайызы енді жазылмайды, менімен бірге о дүниеге кетеді. Оны жазбады деп оқырман қауым маған өкпелей қоймас. Фашисі бар, Отанына опасыздық жасаған сатқыны бар, полицайлары бар, өз қолыммен қаншама адам өлтірдім. Демек, мен – қолы қанға боялған адаммын».

***

«Адамды өлтірудің 100 түрлі әдісі болады. Адам – табиғатынан жауыз. Оның үстіне небір жағдайларды көрген соң, амалсыздан өзің де жауыздыққа барасың».

***

«Әу-баста-ақ республика астанасындағы ат шаптырым орталық алаңға Брежневтің атын қою халық сезіміне қораш, ойланбай жасалған іс еді. Сосын Брежневтің аты алынған соң, «Новая площадь» – «Жаңа алаң» атанды. «Жаңа алаң» деген не? Оған бұл алаң «жаңа емес, ескі» деп таласқан кім бар еді. Бұл да әйтеуір «ат қойдық» деген немқұрайлы шаруа болатын.
Баспасөз бетінде ұсыныстар аз болған жоқ. Көпшілік ұсыныс халқымыздың аяулы да ардақты перзенті Тұрар Рысқұлов есімі болды. Бұл есім – елім деп еңіреп өткен ердің есімі Қазақстан астанасындағы алаңға ие болуға лайықты еді. Бірақ онымен есептескен ешкім болмады. Ол алаңға қазақ сөзін, қазақ есімін жақындатуға, шынын айтсақ, баяғы жасқаншақтық, қорғаншақтығымыз бөгет болды. Бір кезде Орталық стадионға бүкіл ел болып халқымыздың, қала берсе бүкіл еліміздің абыройын әлем алдында қорғаған алыбы Қажымұқан атын қоюда да осылай жасқаншақтыққа, ынжықтыққа ұшырағанбыз.
Енді міне, бұл жариялылық, демократия заманында алаңға ат қоюда демократия есігі сарт етіп жабылды да, жалғыз В.Давиденко деген кісінің айтқаны екі етілмей, алаңға: «Республика» деген ат берілді. В.Давиденко «Вечерняя Алма-Ата» газетінің 18 маусымындағы нөмірінде: «В конце концов здравый смысл восторжествовал, и теперь площадь получила красивое название, созвучное нашему времени. Рад, что в этом есть и моя заслуга, неравнодушного алмаатинца» деп, өзінің «аса зор еңбегі» сіңгендігін жар салып жазды. Сонда, «республика» деген не, дүниеде республика деген көп. Сонда бұл қай республика? Әлде Қазақстанда бұрын республика жоқ, ондай сөз де жоқ па еді? Бұл «әдемі» ат деп жұртты тамсандырмақшы болады кейбіреулер. Оның несі әдемі?!».

***

«Маған тиесілі деген Батыр атағын өзімнің Карпаттағы командирім болған Тканко алды. Ол бізге Днепр бойында 20 адаммен парашютпен түскен десант болатын. Сол біздің арамызда жүріп, Днепрдің бергі бетіне бірге өткенбіз. Кейін мен өз отрядыммен Денпрдің арғы жағасына өткенде ол бармай, құрамада қалған. Біздерді тірі қалды деп ешкім ойламаған. Григорьевка селосының алынғанын, плацдарм жасалғанын естіп-білген Тканко Харьковтегі майдан штабына барып, Әскери Кеңестің мүшесі Хрущевтің қабылдауында болады. Днепрден өткен партизандар отрядының командирімін дейді. Сонымен, қысқартып айтқанда, Батыр атағын сол Тканко иеленіп кетті. Мен де Батыр атағына ұсынылған болуым керек. Бірақ…».

***

«Ақылсыз емеспін деп ойлаймын. Соғыста ақымақ адам алдымен оққа ұшады. «Елге аман қайттым» деген желік менде болған емес. «Тәртіпсіз» адам екенім рас. Дағдылы қалыптың шеңберіне сыймай кететінім бар. Елге келген соң маған жұмыс табылмады. Ана наркоматқа, мына наркоматқа барамын. «Мамандығың не?» – дейді. «Мамандығым жоқ», – деймін. Әйелім «Социалистік Қазақстан» газетінде істейді. Пәтер жалдап тұрамыз. Әке-шешем елде. Өзім ештеңені оңдырмайтын болған соң жұмыстың бәрін тастап, әйелімді алып, ешбір рұқсатсыз Алматыға қашып келдім. Осында жеңіл өнеркәсіп комиссариатында кадр бөлімінде қызмет атқардым. Шыны керек, мен соғыстан кейін оңдырып қызмет істемеген адаммын».

Құрмаш Қаптағай

Comments (0)
Add Comment