Ақ-қарасы анықталады

Бесінші мөлтек аудандағы жатақхана тұрғындары таң қылаң бере аты бар, заты жоқ көршілерін іздестіріп әлекке түсті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Оның себебі осы жылдың 21 мамыр күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа өздерін аталмыш жатақхана тұрғындары деп көрсеткен әлдекімдер Тараз қаласы әкімдігі тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Ғазиз Ералиевтің үстінен арыз түсірген. «Карантин уақыты бола тұра, мекемеге күндіз-түні адамдар келіп-кетіп жатады. Тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Ғазиз Нұрланұлының кабинетінде алкогольдік ішімдіктер ішіліп, дәрет сындырып, қоқыс лақтырып, бейәдеп сөздер айтылып, түрлі бейбастыққа жол беріліп, соңы айқай-шуға ұласып, жатақхананың тыныштығын бұзды. Жатақхана тұрғындарының мазасын алды. Жатақхана тұрғындары атынан аталған мекемені басқа жаққа көшіруге тапсырма беріп, мекеме басшысына заңды түрде қатаң шара қолдануыңызды сұранамыз», – делінген арыз мәтінінде. Бір қызығы, арыз жазушы «Д.Бұралхиева, С.Сариева, Р.Дәуренбекова, Ж.Ахметова» деп көрсетілгенімен, аты-жөні аталған төрт азаматшаның үшеуі мүлдем жатақханада тұрмайтын болып шықты. Ал аты аталған арызданушылардың бірі Жадыра Ахметова бұл мәселеге қатысы жоқ екенін айтады.

– Мен жатақхана тұрғыны Жадыра Ахметовамын, яғни арызданушылардың арасында менің аты-жөнім бар екен. Бірақ мен мұндай арыз бермек тұрмақ, тұрғын үй инспекциясының атын атап, түсін түстеп те танымаймын. Оның үстіне ол арызда көрсетілген сорақылықты бұл маңнан көзім шалған емес. Өзімнің аяғым ауыр, бұл жағымсыз жаңалық маған түйеден түскендей болғаны сонша, естігелі бері мазам қашып, ауырып та қалдым. Алдағы уақытта менің атымнан арызданушылар табылып жатса, олардың үстінен мен де шағымданамын, – дейді Жадыра Ахметова.

Мән-жаймен толығырақ қанығып, танысу мақсатында жатақхана тұрғындарымен жиын да ұйымдастырылды. Мұндағы тұрғындардың бірі де арызданушылардың арасынан Жадырадан өзгені танымайтынын, ондай аты-жөні бар кісілер жатақханада тұрмайтынын айтып бақты. Сонымен қатар 24 жатақхананың төрайымдары Гүлнар Сайтжанова, Алмагүл Узбаева да сөз алып, бір ауыздан арызда жазылған келеңсіздікті бұрын-соңды бұл маңайдан мүлдем байқамағандықтарын айтты. Сонымен қатар жатақхана тұрғындарының атын жамылып шағымданған кісілерді тауып, шара қолдану керектігін тілге тиек етті.

– Менің үстімнен 5-ші мөлтек ауданы, №24 үй тұрғындары атынан шағым түскен болатын. Шағым түскен мәселе 15 наурыз күні коронавирусқа қарсы төтенше жағдай жарияланған кезде тұрғындардың айтуынша, мекеме аумағында түрлі жағымсыз қылықтар жасаппыз. Бұл шағымды жоққа шығарамын. Себебі карантин жарияланғаннан бас-тап мекеме ешқандай азаматтарды қабылдаған жоқ. Тек қана сырттан онлайн түрде арыз-шағыммен қайырылған азаматтарды сыртта, бүкіл санитарлық нормаларды сақтап, шағымға арналған жәшік қарастырылған. Онлайн түрде қабылдады. Әр кабинетте бейнебақылау орнатылған. Өзім Аса-Тараз блок-постына жауапты болып бекітілгенмін. Қазіргі таңда денсаулығыма байланысты емханада жатырмын. Алайда үстімнен жазылған арызға байланысты тексеру жүргізіліп, арыз иелерін анықтап, зерделеу жұмыстары жүргізілді. Түнгі күзеттен түсініктеме алынды. Олар да бұл істі жоққа шығарып отыр. Анықтау барысында белгілі болғандай, шағымданушылардың арасында біреуі ғана жатақхана тұрғыны екені белгілі болды. Оның өзі «бұл арызға қатысым жоқ» деп отыр. Бұл арыз иелері мемлекеттік қызметкер ретінде менің ар-намысымды таптады деп санаймын. Арыз иелерін анықтаған жағдайда сотқа беремін. Себебі аталмыш шағымды жала деп білемін, – дейді Тараз қаласы әкімдігі тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Ғазиз Ералиев.

Қандай жағдай болмасын аққа күйе жағылмайтынын ескерсек, бұл жағдайдың да ақ-қарасын анықтайтын күн алыс емес.

Comments (0)
Add Comment