Ақан Сатаев алғаш рет жұбайы Назира Бақаевамен не себепті ажырасқанын айтты. Танымал режиссер балаларының ажырасуға көзқарасы, қазіргі махаббаты жайлы Динара Сәтжанға берген сұхбатында баяндады, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Ақан Сатаев пен Назира Бақаева 1992 жылы «Аллажар» фильмінің түсірілімінде танысқан. Бір-бірін ұнатып, біраз уақыт қыз-жігіт болып кездескен екеуі отау құруға бел буған. Бүгінде ортақ некеден туған 5 бала бар.
Алайда 25 жылдық неке мен балалар ажырасуға еш кедергі болмады. Сатаевтың айтуынша, бұл екі жақтың келісімімен болған шешім.
«Ажырасуда ешқандай жақсылық жоқ. Бірақ өмір — қиын дүние болып шықты. Кейде ажырасудан басқа жол болмайды. Солай болып қалды.
Бірақ Назира екеуміз бұл сұраққа ересектер сияқты қарадық. Ұрыс-керіс, жанжал деген болған жоқ. Сөйлестік, барлығын таразыға салдық.
Мұны балаларымызбен де ақылдастық. Екеуміз айырылысқаннан, Назира — ана, мен — әке болудан қалған жоқпын ғой. Оны ойласып, ақылдастық. Қазір сол келісімнің аясында өмір сүріп келеміз», — деді Сатаев.
Сатаев жұбайымен екіге кеткеннен кейін, Instagram-да пост жариялады. Режиссер мұны қауесеттің алдын алу үшін жасағанын айтады. Сөзіне қарағанда, жол соңында жұбайы екеуі бір-біріне бақыт тілеген. – Ал енді бақытыңызды таптыңыз ба? — деген сауалға Сатаев:
«Айту қиын, бірақ қазір бізге қолайлы. Махаббат бар деуге болады», — деді.
Киногердің айтуынша, екеуінің ажырасуының себебі қандай да бір сыртқы факторларға байланысты емес.
«Барлығы Назира екеуміздің қарым-қатынасымызға байланысты», — деді ол.
Ата-анасының екіге кеткеніне балалар да түсіністікпен қараған.