Әлемдегі ең қорқынышты ауру түрі – лейкемия. Ол грек тілінен аударғанда «ақ» деген мағынаны білдіреді. Аталған дерт сүйек кемігінде дамып, қанға әсер етіп, салдарынан қатерлі ісік түріне айналады. Негізінде аурудың неден пайда болатыны белгісіз. Алайда қазіргі уақытта бұл дертке шалдыққан науқастардың аурудан айығып кетуіне түрлі зерттеу жұмыстары жүргізіліп, басқа да емдеу әдістері ойластырылуда.
Облысымызда 9 айдың ішінде лейкемия ауруы бойынша есепке тұрған науқастар саны – 27, ал барлық емделушілер саны 232 адамды құрайды. Басқа мемлекеттерде де бұл ауруға шалдыққан науқастардың саны өте көп. Сондықтан да әлемдегі ең қорқынышты әрі күрделі дерт болып есептелінеді.
Лейкемия сырқатына шалдыққан адамдардың ауру белгілері дерттің асқынуына қарай әртүрлі болады. Алғашқы белгілеріне тоқталатын болсақ:
1) дене қызуының көтерілуі;
2) денеде көгерулердің пайда болуы;
3) мұрыннан қан кету;
4) аз уақыттың ішінде салмақтың түсуі;
5) теріге ұсақ қызыл дақтардың шығуы;
6) көп терлеу;
7) сүйектердің қақсап ауруы.
Дәрігерлер бұл дертке шалдыққан адамдарға хирургиялық жолмен көмек көрсете алмайды. Себебі лейкемияны жазудың тиімді әдістерінің бірі химиотерапия болып табылады. Яғни ісік жасушаларын өлтіретін препараттарды енгізу арқылы науқасты емдейді. Оның ішіне сәулелік терапия, иммунотерапия, сүйек кемігін трансплантациялау кіреді.
«Демі бардың емі бар» демекші, қандай ауру түріне шалдықсаңыз да үміт үзбеңіз, күресіңіз. Дәрігерлер қолдарынан келгенінше көмек көрсеткенімен, сіз жақтан жазылып кетуге ынта мен сенім болмаса, барлығы бекер. Ең бастысы, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген абзал.
Хамит МУРЗАКАСЫМОВ, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары