Шаһардың екі жылдық бюджеті қаралды

Бүгін жетінші шақырылған Тараз қалалық мәслихатының кезекті оныншы сессиясы өтті. Жиынға шаһар басшысы Ержан Жылқыбаев, қоғамдық кеңес төрағасы Сембек Сейдәзімов, бөлім басшылары мен халық қалаулылары қатысты,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Басқосудың күн тәртібінде 2022-2024 жылдарға арналған қалалық бюджет, келер жылға арналған қалалық мәслихатының перспективалық жұмыс жоспарын бекіту, Орынқыз Жолдасованың өз өтініші бойынша депутаттық өкілеттілігін тоқтату, қалалық мәслихаттың 2021 жылғы 15 қаңтардағы «Экономика, бюджет және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшелерін сайлау туралы» №1-6, «Білім беру және әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшелерін сайлау туралы» №1-9, «Тұрақты комиссия төрағаларын сайлау туралы» №1-10 және 2018 жылғы 24 мамырдағы «Тараз қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның құрамын бекіту туралы» №31-9 шешімдеріне өзгерістер енгізу мәселелері қаралды. Алғашқы мәселе бойынша қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жандос Ордабаев баяндама жасады. Халық қалаулылары өз кезегінде сайлаушылардың проблемаларын көтеріп, депутаттық сауалдарын жолдады.

Сессия соңында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

Құрбанәлі ШАХАБАЙ

Comments (0)
Add Comment