Жуырда 9-11 сынып оқушылары арасында республика көлемінде қазақ тілі мен әдебиет пәні бойынша «Абайтану» олимпиадасы өтті. Аталмыш олимпиаданы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаты ұйымдастырған болатын.
Білім бәйгесінің негізгі мақсаты – Абай шығармашылығын оқу арқылы көркемсөз өнерінің танымдық, тағылымдық, эстетикалық мән-маңызын түсініп, көркемдік тұрғыда қабылдауға қажетті білім, білік, дағдылар қалыптастыру. Ақынның өмірі мен шығармашылығынан ғибрат алып, таным-түсінігін кеңейту. Оқушылардың зияткерлік, шығармашылық қабілеттерін дамыту. Абай қарасөздерінің маңыздылығын түсіндіре отырып, өзіндік көзқарасын қалыптастыру. Тіл тазалығын сақтауға үйрету.
Оқушылар олимпиадада үш кезең бойынша бақ сынады. Алғашқы кезең аудандық білім бөлімдері дайындаған тапсырмалар бойынша өтті. Екінші кезең (облыстық, қалалық) Астана, Алматы, Шымкент қалалық және облыстық білім басқармалары, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ және «Абай» мектептерінде облыстық ғылыми-әдістемелік кеңес дайындаған тапсырмалар бойынша өтті. Екі кезеңде жеңіске жеткен алты оқушы Республика деңгейінде өз мықтылығын дәлелдеді.
Олимпиада тәртібіне тоқталар болсам, бірінші айналымда қатысушылар Абай қарасөздері мен поэзиясы негізінде дайындалған сұрақтардың біріне эссе жазған болатын. Екінші айналымда ақынның өлеңдері аясында тапсырмалар берілді. Яғни, өлеңнен алынған үзіндіні жалғастырып, шығарманың тақырыбы мен идеясына қатысты өз пайымын жазды. Абай өлеңдерінен «сократтық» сұрақтар беріліп, логикалық деңгейі бағаланды. Абайдың қарасөздері мен Абайтануға байланысты еңбектер бойынша тапсырмаларды орындады. Қарасөздердегі өзекті мәселелерге сыни көзқараспен талдау жасады. Сонымен қатар, М. Әуезовтің «Абай жолы» романынан немесе Абай шығармаларынан алынған сөйлемге талдау жасау арқылы грамматикалық сауаттылығы анықталды. Міне, осы тапсырмаларды үздік орындап, «Абайтану» бойынша білім деңгейінің жоғары екенін дәлелдей алған қатысушылар жеңіске жетіп, марапатталған болатын.
Оқушылар арасындағы бұл олимпиаданың мән-маңызы зор екені айтпаса да анық. Себебі, ақынның өмірі мен шығармашылығын жас ұрпақ арасында дәріптеу аса қажет. Қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбайұлының шығармашылығын тереңнен оқыту арқылы біз оқушылардың әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, ұлтының тарихын тереңнен біліп, тануға жол ашамыз. Халқымыздың өр тұлғаларының бірі Ахмет Байтұрсынов Абайдың көсемдігі туралы өз пікірін былай жеткізеді: «Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы боларға керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек. Ұнамды, орынды, дәмді болуына сыншылдық керек. Мағыналы, маңызды болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған… Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек» деген. Халқымыздың саңлақтарының бірі Міржақып Дулатов Абай ұлылығын терең түсініп, былай деп жоғары баға береді: «Бәлки, мұнан кейін Абайдан үздік артық ақындар, жазушылар шығар, бірақ ең жоғарғы, ардақты орын Абайдікі. Қазақ халқына сәуле беріп, алғашқы атқан жарық жұлдыз – Абай» дейді. Алдыңғы толқынның жоралғысын Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов жалғастырды.
Жоғарыда атап өткен қазақтың біртуар тұлғалары Абайтану бойынша терең зерттеу жасап, сара жол салып кетті. Бүгінде Абайтану ғылымы жалғасып келеді. Абай Құнанбайұлының ойшылдығын, ақындығын зерттеп жүрген филолог-ғалымдар алдыңғы толқынның еңбегін толықтырып, тереңнен зерделеуде.
Олимпиадаға қатысып отырған оқушылардың қатарынан «Абайтану» ілімін жалғастыратын ғалымдар шығады деп үміттенеміз. Қазақтың бас ақынынан үлгі алған, шығармашылығымен сусындаған, тереңіне үңіліп, ғибрат алған жас толқын өмірден өз орнын тауып, кірпіші болып қаланатынына сенеміз.
Жанар Исабекова, Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының әдіскері