«Желтоқсан оқиғасының» 38 жылдығына орай «Әлем» кәсіби білім беру колледжінде «Желтоқсан батырлары» атты кеш өтті. Жиынға Жамбыл облыстық «Желтоқсан-86» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Исмаил Хаджимуратов және желтоқсаншылар — Света Иманқұлова, Ақсұлу Таңсықбаева, Дариға Идрисова қатысты.
Тағылымды шараны колледж директоры Жеңіс Сопбеков ашып, кешке жиналғандарға өз құттықтауын жеткізді. Сонымен қатар «Желтоқсан-86» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Исмаил Хаджимуратов мен өзге де желтоқсаншылар сөз сөйледі.
– Қазаққа Тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Біз оған ызғарлы Желтоқсанда кеңестік қызыл империя бодандығына қарсы бұлқынған намысшыл қазақ жастарының арқасында қол жеткіздік. Қазақстанның еркіндігі мен бостандығы жолында бастарын бәйгеге тіккен «Желтоқсан оқиғасының» қатысушыларының ерліктері уақыт өткен сайын жадымызда жаңғыра бермек, – деді кеш қатысушылары.
Шараның екінші бөлімі колледждің белсенді әрі өнерлі студенттері дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты. Атап айтқанда, концерт барысында «Туған жер», «Желтоқсан желі», «Ризамын» әндері орындалып, Қайрат Рысқұлбеков жайындағы көрініспен жалғасты.