Жыл соңына дейін 750 мың шаршы метр тұрғын үй салынады

Жамбыл облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев көптен бері өзекті мәселе болып тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары жайында баян етті.

– Өңірде тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп, жаңа алаптар мен шағын аудандар салынуда. Жыл басынан бері 355,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 750,0 мың шаршы метрге жеткізу жоспарлануда.

Бүгінде құны 17,6 млрд. теңгеге 2909 пәтерлік 56 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде биыл 2569 пәтерге 51 үй тапсырылады.

Одан бөлек, облыста жастардың тұрғын үй мәселелерін шешу мақсатында «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама аясында биыл 2 млрд. теңгеге 140 жастарға пәтер кілтін беруді жоспарлап отырмыз.

Жалпы, 2023 жылы тұрғын үй құрылысына және сатып алуға 1 942 пәтерге 23,2 млрд теңге, ал 2024 жылы 2 есе артық, яғни 3 784 пәтерге 40,8 млрд теңге бөлінді.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы 79 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізуге 5,9 млрд.теңге бөлінді.

26 көппәтерлі тұрғын үйдің аулаларында ойын алаңдары салынды.

Ағымдағы жылы 12 млрд. теңгеге 77 тұрғын үй объектісіне және жеке тұрғын үй құрылысы үшін 351 жер учаскесіне инженерлік инфрақұрылым жүргізу жоспарлануда.

Сондай-ақ, көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 23,2 млрд. теңгеге 1575 пәтер сатып алу жоспарлануда, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Comments (0)
Add Comment