Мемлекеттік қызмет – мерейлі міндет

Бала кезімде мемлекеттік қызметкерлердің сөйлеген сөздері, жүріс-тұрысы, киген киімдері, тұтынатын заттары, адаммен қарым-қатынасы –барлығы қатты қызықтыратын, солардай болғым келуші еді. Әулетіміз – қазақ айтқандай: «би болмаса да, би түсетін үй» болғандықтан, олар үйімізде қонаққа келгенде айтқан әңгімелерін еліте тыңдайтынмын. Осы арман-тілек мені кейін мемлекеттік қызметке деген ынтамды арттыра түсті.

Мемлекеттік қызмет дегеніміз не сонда? Бұл сұраққа іле-шала бірден және толыққанды жауап беру мүмкін емес, ол, меніңше, ғарыштық жылдамдықпен дамып келе жатқан өркениетке ілесу, халық алдындағы зор жауапкершілік, қызметте қарым-қабілетіңді жанкешті еңбегіңмен дәлелдеу, ең бастысы – Отаныңа адал болу. Ол – сонымен бірге, мазасыз күндер мен ұйқысыз түндер. Ол – салауатты өмір салтына өзіңді де, өзгені де бейімдеу.

Бүгінгі таңда менің мемлекеттік қызмет саласында жүргеніме 17 жыл болыпты. Алғашында аудан әкімдігінде жетекші маман, бас маман, бүгінде облыс деңгейінде бөлім басшысы лауазымын атқарудамын.

Яғни, қызмет баспалдағымен көтеріліп келе жатқан жанмын. Бұл – мемлекеттік қызметтегі меритократия қағидасының бір көрінісі.

Осы орайда, Президентіміздің Жарлығымен мемлекеттік қызметші күні белгіленгенін айта кеткен жөн. Оны мерекелеудің басты мақсаты – қазақстандық патриотизмді қалыптастыру ғана емес, оны одан әрі дамыту, сондай-ақ азаматтардың өз елі үшін мақтаныш сезімін және Отанға қызмет етуге әрқашанда дайын болу сезімін одан әрі нығайта түсу. Мемлекеттік қызметші күнін жапондық үлгімен сәйкестендіре өткізсек деп ойлаймын, яғни, бұл күнде әркім халықпен сұхбаттасып, олармен бірге серуенге шығып, «жанжүрекке ену» дәстүрін немесе қазағым айтқандай «ет-бауыр араласуды» жандандырса.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 8-тарауының 49-бабында мемлекеттік қызметшілердің заңдылық қағидатын басшылыққа алуға, мемлекеттік саясатты жақтауға және оны дәйекті түрде іс жүзіне асыруға, өзінің әрекеттерімен мемлекеттік биліктің беделін нығайтуға, мемлекеттік қызметке кір келтіретіндей әрекеттер жасауға жол бермеуге, мемлекеттік қызметке, мемлекетке және оның институттарына қоғамның сенімін сақтауға және нығайтуға, жалпыға ортақ қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қараудың үлгісі болуға, қарамағындағы мемлекеттік қызметшілерден лауазымдық өкілеттіктерінен тыс тапсырмалар орындауын талап етпеуге, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінде көзделген өзге де әдеп қағидаларын сақтауға міндетті екендігі көрсетілген.

Алғаш қызметке келген күннен бастап мен осы міндеттерді бұлжытпай орындауға бар күш-жігерімді жұмсаудамын. Өзіммен бірге мекемеде қызмет етіп жүрген әріптестеріме қарай жүріп, олардың да осынау мүдде үдесінен шығуға, тәуелсіз Отанымыздың мемлекеттілігін нығайта түсуге деген құлшыныстарын байқаймын. Олардың әрбір оң қадамы, әрбір игілікті ісі біздің ел алдындағы абыройымызды арттыратыны сөзсіз.

Қызметкер ретінде қарапайым халық өкілдеріне еліміздің дамуында біздерге жүктелген міндеттер мен ел үшін атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар жайлы баяндаудан еш жалыққан емеспін.

Менің әріптестерім де қызмет барысында әділдіктің, қарапайымдылықтың үлгісі болып, адамдар арасында өздерін ұстай біледі, ұжым басшымыз да мемлекеттік қызметке адал болуды, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуді, яғни өз қызмет бабын бас пайдасына асырмауды қызметкерлерінен талап етеді және үнемі қадағалап отырады. Мен мұны мақтаныш сезіммен айта аламын. Абай атамыздың «өзіңе сен, өзіңді алып шығар» дегені де осы емес пе?!

Атам қазақтың «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген мәтелі тура осы бізге бағытталғандай әсер етеді маған, ең алдымен мінсіз қызмет, әділ шешім, адамгершілік қасиет барлық қызметшінің бойында болуы керек. Сонда ғана біздің ой-санамызда жеке мүдде емес – Елдің, Жердің мүддесі тұрады.

Мен мемлекеттік қызметті атқару қоғам мен мемлекет тарапынан білдірілген зор сенім екендігін түйсінемін. Бауыржан Момышұлы атамыздың «Тәртіпке бағынған құл болмайды!» деген қанатты сөзі мені әрдайым биікке жетелейді.

Иә, мемлекеттік қызмет – Ұлтқа қызмет ету, мемлекетке адал болу!

Егемен еліміздің, «Мәңгілік Еліміздің» іргетасы бекем болуының бір кілті – бізде, яғни, мемлекеттік қызметте!

«Тараз – тарихымыздың алтын діңгегі» деп, осынау әлемге әйгілі тарихи мекенде дүниеге келген мен бабалар аманат еткен қарашаңырақ – Қазақстан атты Ұлы Далада мемлекеттік қызметте жүргенімді әрқашан мақтан етемін!

Айсұлу ҚҰТТЫБАЕВА,
Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы
медицина мамандарымен жұмыс бөлімінің басшысы

Comments (0)
Add Comment