«Барлығы армандаудан басталады»

Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен оқырмандарға мамандық таңдау бойынша бағыт-бағдар беру, мамандық таңдауда жауапкершілікті қалыптастыру мақсатында «Барлығы армандаудан басталады» тақырыбында мамандар күні өткізілді.
Іс-шараға Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры, археолог ғалым Қалиев Сауран Қалиұлы, «Air Astana» әуе тасымалдаушы компаниясының қызметкері, бортсерік Амангелдиева Аружан, «Jambyl» телеарнасының редакторы, тележүргізуші, диктор Дәкен Шерхан Мұратбекұлы қатысты.
Археолог, ғалым Сауран Қалиұлы археология саласының қыр-сыры, бұл мамандықты таңдау себебі, археологиялық қазба жұмыстарының қызығы мен қиыншылығы жайлы айтып, оқырмандар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Оқырмандарға мамандық таңдау бойынша ақыл-кеңес берді.
Ал «Air Astana» әуе тасымалдаушы компаниясының қызметкері, бортсерік Амангелдиева Аружан өзінің қызықты мамандығы, осы қызметке қалай келгендігі, бортсеріктің ұшақта атқаратын негізгі міндеттері, осы мамандықтың иесі атану үшін ағылшын тілінің маңызы зор екендігін тілге тиек етіп, жұмыс барысында орын алған қызықты сәттерімен бөлісті.
«Jambyl» телеарнасының редакторы, тележүргізуші, диктор Дәкен Шерхан Мұратбекұлы телеарна, БАҚ-да жұмыс жасау үшін адамның бойында қандай қасиеттер болуы керек, түсірілім барысындағы түрлі жағдайлардан қалай шығуға болатыны, жас ұрпаққа тілші немесе тележүргізуші болуы үшін кітапты көп оқу керектігі жайлы ақыл-кеңестер беріп, мамандық таңдауда қателесуге болмайтыны жайлы айтты.
Шара барысында «Мамандық таңдау – болашақ таңдауы» кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалды.

Comments (0)
Add Comment