Қазақстанда газ баллондарын заңсыз толтыратындарға қатысты жаза күшейтілмек. Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері осындай бастама көтерді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Жанармай құю бекеттерінде газ баллон толтыруға қатаң шекетеу қойылған. Алайда газ пайдаланушылардың көпшілігі ыдыстарын жанармай құю бекеттерінде толтырады.
Министрлік газ баллонды көп жағдайда тұрмысы төмен отбасылар қолданатынын, әсіресе шалғай ауылдарда тұратындар заңсыз әдіске көп баратынын айтты.Ал газ құюдың бас-қасында жүргендер істегендері заңсыз болса да, көз жұма қарауды әдетке айналдырған. Сұйық отынды оңды-солды толтырып қалтасын қампайтуды үйренген. Өткен 10 айдың қорытындысы бойынша газ құю бекетіндегілер мыңнан аса ереже бұзған, оларға тоғыз миллион теңгеге жуық айыппұл салыныпты.
Заңсыздыққа барғандардың жазасын қатаңдату керек деген төтенше жағдайлар вице-министрі азаматтардың да өз өміріне бейжай қарамауын ескертті.
“Азаматтар тұрмыс газ баллондарын автогаз құю бекетінен толтырмауға тиіс. Олар рұқсаты бар мекемелердің ғана қызметіне жүгінуі керек. Ал заңсыз газ құюшыларға жазаны қатаңдататын уақыт жетті. Тіпті оларды бас бостандығынан айыру да артық болмайды. Себебі, мұның арты қайғылы жағдайға әкеліп соғуы әбден мүмкін”, – дейді төтенше жағдайлар вице-министрі Мереке Пішембаев.