80 жылдыққа – 80 түп арша

80 жылдыққа – 80 түп арша

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай елімізде түрлі игі шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі – табиғатты қорғауға бағытталған «Жеңістің 80 жылдығына – 80 түп ағаш» акциясы. Осы бастаманың аясында мектеп оқушылары білім ордасының ауласына 80 түп арша ағашын отырғызды.

Бұл шараға мектеп басшысы мен ұстаздар да белсене қатысып, оқушыларға қолдау білдірді. Мұғалімдер мен оқушылар жұмыла еңбек етіп, аршаларды отырғызып қана қоймай, оларды күтіп-баптау жұмыстарын да өз жауапкершіліктеріне алды.
Ағаш отырғызу – қоршаған ортаны қорғаудың маңызды бір бөлігі. Арша – табиғатқа ерекше пайдасы бар ағаш. Ауаны зиянды бактериялардан тазартумен қатар дәрілік мақсаттарға да кеңінен қолданылады. Бақтар мен саябақтарда сәндік мақсатта жиі қолданылады.
Бұл бастама жас ұрпақтың экологиялық санасын арттырып, табиғатты аялауға деген жауапкершілігін күшейтеді. Акция барысында оқушылар аршаның қасиеті, оның табиғаттағы рөлі мен пайдасы туралы мағлұмат алды. Ұстаздар оларға табиғатты қорғаудың маңыздылығын түсіндіріп, экологиялық тәрбиенің маңызын атап өтті.
Бұл шара – Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетудің бір жолы. Отырғызылған әрбір арша – болашаққа қалдырылған мұра, ерліктің символы. Жасыл желек жылдан жылға жайқалып өсіп, кейінгі ұрпаққа бейбіт өмірдің, ата-бабалар аманатының белгісі болып қалмақ.
«Жеңістің 80 жылдығына – 80 түп ағаш» акциясы – жас ұрпақтың экологиялық тәрбиесі мен патриоттық рухын арттыруға бағытталған игі іс. Табиғатты қорғау – әрбір азаматтың парызы. Бұл бастама болашақта да жалғасып, туған жеріміздің жасыл желекке бөленуіне өз үлесін қоса береді. Таза әрі жасыл әлемді болашақ ұрпаққа қалдыру – біздің парызымыз.

Айнұр ИБАЙДАЕВА,
№56 орта мектебінің химия және
биология пәнінің мұғалімі.
Тараз қаласы

Comments (0)
Add Comment