8 қылмыстық іс тіркеліп, 21 қару тәркіленді

«Табиғатқа кесел келтірмейік, қатары сиреген жануарларды сақтайық» деп қанша дабыл қақсақ та, бұл саладағы заңсыздық тыйылар емес. Жан-жануарға именбей мылтық кезенушілер өздерін тым еркін сезінгені сонша, қайбір жылдары инспекторларға да ашық оқ атып еді. Бұл қоғамда резонанс тудырып, содан бері мемлекет табиғат қорғау мәселесіне баса көңіл бөле бастады. Осыған орай 2020 жылдан бастап елімізде браконьерлікпен айналысқандарға қатысты заң күшейтілген еді. Бұдан былай елімізде заңсыз аң аулаумен айналысқандар 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Қылмыстық кодекстің 337-бабында осылай делінген. Ал сирек кездесетін, құрып кетудің алдында тұрған аңдарды аулағаны үшін 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру қаупі төніп тұр. Бұдан бөлек, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі инспектордың, қорықшылық қызметінің өміріне қол сұғушылық 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қоршаған ортаға зиян келтіріп, жан-жануарларды жауыздықпен атып алатын браконьерлермен күрес Жамбыл облысында да қарқынды жүргізілуде. Осыған орай ағымдағы жылдың 20 қазанынан бастап Жамбыл облысының аумағында табиғат қорғау заңнамасын бұзушылықтарды және биологиялық ресурстар объектілері мен өнімдерінің заңсыз айналымын анықтауға және жолын кесуге, сондай-ақ экологиялық қылмыстарды ашуға бағытталған «Браконьер» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілген болатын.
Жедел алдын алу іс-шарасы кезеңінде облыста 8 қылмыстық іс тіркелді және тіркелмеген 21 бірлік атыс қаруы тәркіленіп, 293 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Мәселен, Қордай ауданының табиғатты қорғау полициясының инспекторлары орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің қызметкерлерімен бірлесіп, Қордай ауданына қарасты Ауқатты ауылдық округінің Майбұлақ таулы аймағында рейдтік іс-шаралар өткізу барысында күзетілетін қорық аймағында жануарды аулады деген күдікпен екі ер адам ұсталды. Тексеру барысында ұсталғандардан еліктің денесі (тушасы), 3 аңшылық тегіс ұңғылы қару мен патрондар табылып, тәркіленді. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қажетті сараптамалар тағайындалды.
Сондай-ақ полицейлер жедел профилактикалық іс-шараларын жүргізу барысында ағаштар мен бұталарды заңсыз кесудің 26 фактісі анықталды. Атап айтқанда, Сарысу ауданының полиция қызметкерлері Қызыл кітапқа енген сексеуілді заңсыз кесіп жатқан 35 жастағы ер адамды ұстады. Күдіктінің жанынан кесуге тыйым салынған 4 қап ағаш табылды. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сот-биологиялық сараптамасы тағайындалды.

Мұратхан ӘЛІМХАН

Comments (0)
Add Comment