Алматыда 8 наурыз күні әйелдердің феминистік митингі өтеді. Ұйымдастырушылардың саяси көзқарасын білдіруге қала әкімдігі қарсы болмады деп хабарлады «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.
7 ақпанда алматылық феминист белсенділері 8 наурызда әйелдер маршын өткізуге қайта сұраныс жасады. Бұл жолы құжатты Жанар Секербаева мен Мира Унгарова өткізді.
«Әкімдік митинг туралы ескерту мен марш өткізу туралы хабарламаны 9 ақпанда алып, бізге «митингке келісім беретінін» айтып жауап қайтарды», деп жазды ұйымдастырушылар Instagram-дағы парақшасына.
Маршты ұйымдастырушылар құрамында Фариза Оспан, Лейла Махмудова, Татьяна Чернобиль, Мира Унгарова, Гүлзада Сержан, Жанар Секербаева, Елена Иванова, Жамиля Қасымхан мен Арина Осиновская бар.
Биыл марш тақырыбы әйелдердің мемлекет басқару ісіне араласуы туралы болмақ.
Еске сала кетсек, Алматыда былтыр 8 наурызда болған маршқа мыңға жуық адам қатысқан.