720 отбасы қоныс тойын тойлады

Конституция мерекесіне орай қалада 9 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде бой көтерген тұрғын үйлердің берілу салтанатына облыс әкімі Асқар Мырзахметов өзі қатысып, пәтер иелеріне кілттерін табыстады.

Зере Қуаныш Суреттерді түсірген Кирилл БЕРДЕЦКИЙ

Шаһардың 15-ші шағын ауданынан жаңа пәтерге ие болғандардың дені – көпбалалы отбасылар мен толық емес отбасылар.
– Баспана – қай уақытта да өзекті мәселе. Қала халқының саны өсуімен тұрғын үйге деген сұраныс көлемі де ұлғаюда. Тәуелсіздік жылдары елімізде Елбасының басшылығымен қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыстар атқарылды. Соның ішінде қалада жаңадан соғылып жатқан 15-ші шағын аудан орналасқан жер бірнеше жыл бұрын ашық дала болатын, ал қазір жаңа тұрғын үйлер бой көтерген шағын ауданға айналды. Президенттің бес әлеуметтік бастамасы бойынша жарияланған басты мақсаттардың бірі – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Осы мақсатта «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ағымдағы жылы жалпы 17,6 миллиард теңгеге барлығы 30 көпқабатты (2 118 пәтерлі) тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін 28 көпқабатты (1988 пәтерлі) тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Осынау оңды істердің барлығы – әлеуметтің әлеуетін әлді ететін ауқымды шаралардың жарқын көрінісі, – деді өңір басшысы.
Бұл күні барлығы 720 пәтер пайдалануға берілсе, оның 200-ге жуығы бағдарлама арқылы банктің тиісті шешімін алған. Яғни 200-дей отбасы қоныс тойын тойлағалы отыр. Қалғаны алдағы уақытта «Нұрлы жер», «7-20-25», «Бақытты отбасы» бағдарламалары арқылы берілетін болады. Айта кетейік, өңірдегі көпбалалы отбасыларын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 120 көпбалалы отбасына пәтер кілті табысталды. Оның 93-і арендалық үй, 27-сі демеушілер есебінен. Жыл соңына дейін 493 көпбалалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда. Сондай-ақ баспана кезегі келгенге дейін көпбалалы отбасылардың тұрғын үй мәселесін уақытша шешу үшін 612 пәтерлі 12 жатақхана құрылысына тиісті қаражат қарастырылып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Жалпы Конституция және Білім күні мерекелеріне орай облыс бойынша 800-ге жуық пәтерді құрайтын 11 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның 9-ы Тараз қаласында, 2-і Жамбыл және Талас аудандарына тиесілі екен.

Comments (0)
Add Comment