Астанада өткен Мәдениет және спорт министрлігінің алқа отырысында Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов спорт саласындағы біраз кемшіліктерді айтып, мәселе көтерді деп хабарлады «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.
Ол жиында Қазақстанда білікті жаттықтырушылардың жоқтығын, соның кесірінен спортта проблемалар көбейіп, жастарымыздың жарыстарда жолы болмай жатқанын атап өтті. Одан кейін Тұрлыханов бапкерлердің жалақысы туралы айтты.
Қуырдақтың көкесі осы жерде болды, дейді сол жиынға қатысқан журналистер. Онда Дәулет Болатұлы Сербияда бокстан өткен әлем чемпионатында екі алтын медаль алған бапкердің жалақысы мен «Astana Pro Team» велокомандасының бас менеджері Александр Винокуровтың айлығын салыстырыпты.
-Бокстан ұлттық құрама команданың бас жаттықтырушысы Қайрат Сәтжановтың 9 баласы бар. Сол балалар тамақ ішіп, киім кимей ме? Сабаққа төлемей ме? Киноға барып, балмұздақ жегісі келмей ме? Ал бапкер жыл он екі ай үйінде болмайды. Жаттығулар мен жарыстарда жүреді. Сонда оның алатын жалақысын айтайын ба? 700 мың теңге. Ал қолда бар мәліметтерге қарағанда, велокоманда басшысы Александр Винокуровқа, қателеспесем, 70 мың еуро төленеді. Бұл не өзі? Осы дұрыс па? — деді Дәулет Тұрлыханов.
Министрліктің алқа отырысына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ералы Тоғжанов пен Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев қатысып, даңқты балуанның жүрегінен шыққан жанайқайды өз құлақтарымен естіген соң спорттағы айлық мәселесінде әділдік салтанат құрады деп сенгіміз келеді.