69 жастағы Рудный тұрғыны вакцина салдырып, автокөлік ұтып алды

Қостанайда 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында вакцинаның бірінші компонентін алған тұрғындардың арасында автокөлік ойнатылды. Бұл туралы «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл жолы ұтысқа вакцина алған 73 мың адам қатысқан. Жеңімпаз арнайы бағдарлама арқылы кездейсоқ анықталған. 69 жастағы Рудный тұрғыны Наталья Федоровна Брумның бағы жанып, ұтысқа ие болды.
Наталья Федоровна көлік ұтып алатынына сенбеген.

«Бұл бір қызық болды. Иә, мен 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында вакцина алдым. Сене алар емеспін», – деді жеңімпаз тікелей эфирде автокөлікке ие болғанын естіген сәтте.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылардың айтуынша, «Chevrolet Nexia» көлігінің ұтысы жайлы тамыз айының басында хабарланған.

Мекеме мәліметіне сәйкес, 1 ақпаннан бастап 320 мың адам вакцинаның бірінші компонентін, екінші компонентін 293 мың адам салдырған. Бұл халықтың 58%-ын құрайды. 

Аймақта вакцина салдыруға жарамды 505 мың адам тұрады. Бұған дейін Қостанай облысында вакцина салдырған тұрғындардың арасында 10 айфон ұтысқа салынған еді.

Comments (0)
Add Comment