Дәрігердің көмегіне зәру болған Байқоңыр қаласының тұрғыны жедел жәрдем бригадасын үйіне шақыру үшін қаладағы жалғыз қазақ көпсалалы ауруханасына 57 рет телефон соққан. Ақырында жедел жәрдем шақыра алмаған тұрғын наразылық білдірді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
“Елу жеті рет хабарластым, телефондары алмайды. Олардың келгенін тұрмақ, телефонды көтергендерін күтемін дегенше, өліп қалуға болады. Бағыма орай 112 телефонын көтеріп, шақыртуымды қабылдады. Басшылары өзгерген сияқты еді, бірақ нәтиже жоқ”, – деп жазды желі қолданушысы.
Қазақстандық көпсалалы ауруханаға қатысты шағымдардың желіде жиі жарияланатын болды. Бұл байқоңырлықтар үшін өте өзекті тақырып.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов желідегі адамдардың арыз-шағымдарына жауап беруге уәде берді.
«Қазіргі таңда ауруханада операциялық бөлімшесі мен реанимация бөлімі бар хирургиялық бөлімше, гинекология, жалпы терапия, оңалту орталығы, физиотерапия, балалар бөлімі, қабылдау бөлімі, клиникалық зертханалық бөлімше және 25 төсектік уақытша стационар бар», – деді ол.
Бұл оқиғаға қатысты ҚР президентінің «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы арнайы өкілі Жасұлан Абатовтың мәлім етті.
“Биыл стационарға тұрақты жұмысқа 15 дәрігер, оның ішінде Қазақстанның басқа өңірлерінен 6 дәрігер тартылды. Медициналық көмек көрсету жүйесін дамыту аясында ағымдағы жылы Байқоңыр көпсалалы ауруханасы сандық рентгенографияға арналған мобильді құрылғы, рентген суреттерін цифрландыру жүйесі, дефибриллятор, электрокардиограф сияқты заманауи жабдықтармен жабдықталған”, – деді Абатов.