Маңғыстау облысының Экология департаменті сарқынды суын Қаракөл көлі мен Каспий теңізіне төккен Rixos Aktau қонақүйін жоспардан тыс тексерді. Тексеріс қорытындысына сәйкес, туристік нысанға 76 миллион 245 мың теңге айыппұл салынды деп жазды turkystan.kz.
Тексеру жұмыстарына «Жайық Каспий бассейндік инспекциясы» РММ, облыстық Балық инспекциясы басқармасы, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері тартылған.
Сөйтіп, Aktau tourism city ltd компаниясы өңірлік филиалының Каспий теңізі мен Қаракөл көліне сарқынды суларды ағызу фактісі бойынша экологиялық заңнама талаптарын бұзғаны анықталды. Компания өкілдері сарқынды суларға биологиялық тазарту жұмыстарын жүргізбеген. Сол күйі оны жақын маңдағы су айдындарына ағызып отырған.
«ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 6-бабы бойынша салынған айыппұлдың жалпы сомасы 76 миллион 245 мың 549 теңгені құрайды. Кәріз-тазарту құрылыстарын жөндеу жұмыстарының көптен бері жүргізілмеуіне байланысты қонақүй кешенінің сарқын суы теңізге және жақын маңдағы көлге құйылып келген», – деп хабарлады өңірдің Экология департаменті.
Тағы оқи отырыңыз: Көлге лай су ағызған 5 жұлдызды Rixos Aktau қонақүйі тексеріледі
Айта кетсек, Aktau tourism city ltd компаниясының жоспардан тыс тексерілуіне жергілікті тұрғындар мен Ecojer қазақстандық өңірлік экологиялық бастамалар қауымдастығының хаты себепші болған.