450 мың теңгелік курс сатып алғандар Жұлдыз Ақболатты сотқа бермек (ВИДЕО)

   Блогерлерден ақылы білім алмақ болған бір топ адам полицияға арыз түсірді деп хабарлады turkystan.kz Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.

Олар қаржылық сауатын жетілдіреміз деп әрқайсысы 450 мың теңге төлеген. Алайда келісімшартқа сәйкес сабақ толық өтпеген. Енді білім іздегендер «аяқталмаған» оқудың ақшасын қайтаруды талап етіп отыр.

«Жұлдыз Ақболат ханымның курсын алып отырмыз, тегін вебинар деді. Жарайды дедік. Ақыры ақша табу үшін жүрген адам болғандықтан. Біз сияқты қаншама адам жылап отыр», – дейді шағымданушы Зарина Мәдибекова.

Не ақшасыз, не білімі жетілмеген жұрт шағымын арқалап, аталған компанияның кеңсесіне де барды. Алайда өзін маркетинг бөлімінің қызметкерімін деп таныстырған азамат мәмілеге бірден келе қоймады.

Шағымданушылар кеңсе қызметкерінің жауабын місе тұтпады. Енді уәдесінде тұрмады деген желеумен блогерді сотқа беруге дайынбыз дейді.

«500 мың теңге тұрады офлайн сабағы. Негізі, 70 күн өтуі керек болатын. Бірақ, 2 айға толмай, тоқтап қалды. Ешкім түсіндірген жоқ, сабақ неге тоқтап қалғанын. Ары қарай не болады?» – дейді шағымданушы Ғазиза Байдәулет.

Компанияның заңгері шағымданушы тараптың арызы орынсыз деп отыр. Айтуынша, білім алуға бекінген азаматтар тапсырманы толық орындамаған.

«Ол нишаларына сай келмейді. Табыс тапқан жоқпыз деп шағым айтып жатыр. Өздерінің тарапынан ол кісілер тапсырмаларды орындау керек болған. Компанияның және Жұлдыз ханымның атынан барлық шарт орындалды. Сабақтың бәрі сайтта тұр. Сегіз модульден тұрады», – дейді заңгер Салтанат Диханбаева.

Жоғарыда аталған шағымдарды түгел жазған тұрғындар Бостандық ауданының полициясына арыз берді. Елдің ендігі мәселесін тәртіп сақшылары қарайтын болады.

 

Comments (0)
Add Comment