Еліміздегі төтенше жағдайдың 11 мамырға дейін созылуына байланысты табыссыз қалған азаматтарға екінші мәрте 42 500 теңге көлеміндегі жәрдемақы төленеді.
Қазақстанда коронавирус індетінің таралуына байланысты ел азаматтары табыссыз қалып, мемлекет тарапынан арнайы төлемақыға ие болған еді. Енді төтенше жағдай 11 мамырға дейін созылып отыр. Орын алған жағдайға байланысты аталмыш жәрдемақының қайта төленуі турасында Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гаухар Олжабаевамен тілдескен болатынбыз.
– Гаухар Елубайқызы, жалпы шаһардан төтенше жағдай кезінде берілетін жәрдемақыға қанша өтінім келіп түсті?
– 4 мамырға дейін қала тұрғындарынан 248 815 өтініш түсті. 99 254 азаматқа жәрдемақы тағайындалып, 94 566 адамға төленді. Сондай-ақ 155 605 азаматтың өтініші қабылданған жоқ. Себебі тұрғындар төлемнің кей талаптарына сәйкес болмай шықты. Сондай-ақ өтінімдердің басым бөлігі жеке тұлғалар бірнеше рет өтінім бергендіктен, яғни түрлі чаттар арқылы қайталанғанына (Телеграм-бот, 42500.kz және т.б.) байланысты қабылданған жоқ. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимін 11 мамырға дейін ұзартқан болатын. Бірқатар нысандар шектеу шараларына байланысты жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр. Сол себепті табыссыз қалған адамдар тағы да 42 500 теңгеден алады.
– Жәрдемақыға өтінімді қай уақытқа дейін беруге болады?
– Қазақстандықтар 42 500 теңгеге төтенше жағдай кезінде өтініш бере алады. Қазіргі таңда ол 11 мамырға дейін ресми түрде ұзартылды. Естеріңізге сала кетейік, 42 500 теңгеге өтініш берген кезде мәліметтердің дұрыстығы үшін өтініш берген азамат өзі жауапты. Бұған ЭҮП арқылы жұмыс берушінің БСН-ін көрсеткен тұлғалардың анығында ол мекемеде жұмыс істемейтіні анықталған жайттар себеп болып отыр.
– Бір мәрте жәрдемақыға өтініш беріп, шотына қаражат түскен азамат екінші рет өтініш беруі тиіс пе?
– Өтінішті екінші мәрте берудің қажеті жоқ. Қаражат есепшотқа автоматты түрде аударылады.
– Жәрдемақыдан бас тартуға бола ма?
– Көптеген қазақстандық еңбеккерлер осы күндері өздеріне жәрдемақы тағайындалғаны туралы SMS-хабарландыру алып жатыр. Алайда олар бұл төлемақыдан бас тарта алады. Белгілі болғандай, кейбір азаматтар жүйенің жұмысын тексеру үшін өтініш берген. Жәрдемақыдан бас тарту үшін азамат арнайы өтініш толтырып, қаражатты электронды түрде немесе екінші деңгейлі банктер арқылы қолма-қол қайтара алады.
– Жәрдемақыға ие болғандарға төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін БЖТ төлеу міндеттеледі ме?
– Расымен, жәрдемақы алғандар арасында бұрын өзін-өзі жұмыспен қамтушылар қатарында болып, төтенше жағдай кезінде жәрдемақы алу үшін БЖТ төлеген тұлғалар бар. Яғни бұл азаматтар өзін-өзі жұмыспен қамтығандар екенін растап, табыс алып, өз қызметін заңдастырды. Бұл азаматтар ТЖ режимі аяқталғаннан кейін БЖТ төлеуі тиіс.
Сұхбаттасқан
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ