4, 5 мың гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылды

ӨКҚ баспасөз брифингінде Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жайында айтып, журналистердің қойған сауалдарына жауап берді,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

 Жамбыл ауданында ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 49,3 млрд теңгені құрап, 10,4 млрд. теңгеге өскен. Бұған қоса, қысы-жазы көкөніс өсіретін жылыжайлар да бой көтеруде. Мәселен, 5 елді мекендегі 8 жылыжай 1,5 гектар қызанақ, 0,95 гектар қияр, 1 гектар басқа да дақылдар ексе, 1-2 айналымда 9,2 тонна қызанақ, 26,2 тонна қияр, 60 мың дана гүл жиналған. Енді осы әдіс арқылы ағын су тапшылығын айналып өту қажет.

 Сонымен қатар  «Казсушар» мекемесі «ПУИИД-2», Европалық даму банкі қаражатымен 553 шақырымды құрайтын 96 каналды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын да аудан басшысы жеткізді. Бұл каналдар 14 556 гектар алқапты суарады.

  — Өткен жылы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасымен 7 канал тазаланса, биыл облыстық бюджеттен 4 дренажды, аудандық бюджеттен «Сұлтан» каналын тазалау және Аса өзенінің арнасын бөгеу жұмыстары жүрді. Игерусіз жатқан 4 407,76 гектар жер қорға алынды. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде бүгінде 4 407,76 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Есепті кезеңде 396,8 млн теңгеге 41 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды,  — деді Сәкен Қаланұлы.

Спикер «Облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасына кірген Бесағаш ауылына 5 бағыт бойынша 1 млрд теңге бөлініп, толық игерілгенін мәлімдеді. 1 117 ауланың жері игеріліп, түсім 2 655 тонны құраса, 2 жылыжай салынып, 276 аула 4 760 бас мал, құс алып, 202 тонна ет, 233 тонна сүт өндірген. 22 техника алынып, 1 335 гектар жерден мал азығы дайындалыпты. 1 цех ашылып, 1 тонна кондитерлік өнім шығарылғаны да бар. Ағымдағы жылы Өрнек ауылдық округі бойынша жобаларды іске асыруға 293,0 млн теңгеге 79 құжат жасалып, «Тараз» ӘКК» АҚ жіберілген.

Comments (0)
Add Comment