Биыл 70 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан белгілі ақын Жүрсін Ерманға сонау Женевадан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Гебрейесус бейне-құттықтау жолдап, ақынды «құда» деп атады. Бұл жаңалық талайды таңқалдырды. Ол қазақ ақынымен қалай құда болуы мүмкін.
Nege.kz тілшісі де Жүрсін Ерманға хабарласып, мән-жайды сұрады.
– Жүрсін аға, амансыз ба? Мерейтойыңыз құтты болсын! Сізді бүгін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейесус құттықтап, «құдам» деді ғой. Қай жағынан құдасыз?
– Құданың құттықтауынан кейін мені бәрі ағаш атқа мінзігіп жатыр екен. «Жайшылықта қазаққа ақыл айтады, өзінің жиенін шетелдікке беріпті» деген әңгіме айтылып жатқан көрінеді. Білгің келсе, мұның жөнін саған да айтайын.
Менің екі қызым бар. Кіші қызым Ардақ Алматыда тұрады. Соның Айдана деген қызы бар. Яғни, жиен немерем. Біз оны бала кезінен тіл үйрену үшін Жаңа Зеландияға мектепке бердік. Мектепті сол жақта бітіріп, Швейцариядағы қонақ үй бизнесі бойынша академияға оқуға түсті. Оны тәмамдаған соң Испанияда бір жыл магистратурада оқыды. Біріккен ұлттар ұйымында жұмыс істеді.
Сол жиенім төрт жыл бұрын ДДСҰ-ның бас директоры Тедрос Гебрейесустың үлкен баласы Оманмен танысып, соған тұрмысқа шықты. Күйеубала – отбасында бес ұлдың үлкені.
Олар құда түсіп, сырға тақты. Алматыда қазақи сән-салтанатпен той жасап, ұзаттық. Қазір Ния Ботагөз деген қызы бар. Бәрі Женевада атасымен бірге тұрады.
– Құдаңыз тойға неге келмеді?
– 24-25 қарашада туған жерім Қарағанды облысында 70 жылдық мерейтойым аталып өтті. Құдам Тедрос соңғы күнге дейін «тойға келем» деп жүрген. Аяқ астынан өткізетін сессиясы болып қалып, келе алмады. Содан кейін ғой бейне-құттықтау жолдап жатқаны. Қазақша киініп, қазақша сөйлеп тұр. Бірақ жұрт соны құтыртып жатыр.
– Өзіңіз қазақ қыздарының жат елге тұрмысқа шыққанына қалай қарайсыз?
– Онша жаратпаймын. Бірақ қызым 8-сыныптан бастап сыртта жүрді. Оған не деп айтамыз? Тәрбиесі еуропалық болып кетті. Алайда, өзі күй тартады. Жаңа Зеландияға домбырасын алып кетті. Қызым қазақы, қазақша сөйлейді. Атасын да қазақша сайратып отыр ғой. Сол қызым үшін, бізді сыйлағаны үшін қазақша сөйлеп жатыр.
Әлеуметтік желідегілер аузына келгенін оттап жатыр екен. Біреулер «Енді Жүрсін Ерман жақын арада Денсаулық сақтау министрі болады» депті (күледі).
– Жиеніңіз бақытты ма?
– Женевада тұрады. Өзім де талай рет барып келдім. Немерем бақытты. Немерем тұрмақ, мен де бақыттымын. Атасын қазақша сөйлеткеніне ризамын. Ол көшедегі біреуге тиіп кеткен жоқ. Үлкен тұлғаның баласына тұрмысқа шықты. Жақсы тұрып жатыр. Басқа не айтамын?
– Бүгін ДДСҰ басшысының құттықтауынан кейін бәрі сізге жапа-тармағай хабарласып жатқан шығар. Солар 70 жылдық мерейтойыңызбен құттықтап па еді?
– Жоқ. Бәріне қызық болып көрініп жатыр. Бірақ мен тұрмысқа шыққан қызға не істей аламын? Жаңа айтқан кіші қызым Ардақтан туған Айдана және Айсана да Жаңа Зеландияда мектепте оқып, өз білімімен Швейцарияға оқуға түсті. Әйтпесе, атасы менің шетелде ақшаға оқытатын шамам жоқ қой. Айсана Қазақстанға келіп, осы жердің Суан руының азаматына күйеуге шықты. Екеуін де бір күнде ұзаттық.
– Немереңіздің арқасында Швейцарияға жиі барып тұратын шығарсыз?
– Талай мәрте бардым ғой. Бұрын да баратын едім. Күйеубалам да келіп тұрады. Мына құттықтаудан кейін ел шулап жатыр ғой. Жамандай беріңдер, көшеде жүрген біреуге тиген жоқ қой. Жақсы, тату-тәтті, бақытты отбасы. Құдам Тедрос үнемі хабарласып тұрады. Өз басым ризамын.