38 жыл вагон қараған қария

Қызылорда облысындағы Қазалы кәсіптік-техникалық училищесінен тепловоз машинисінің көмекшісі мамандығын алып шыққан ол 1988 жылы теміржолға жұмысқа келгенде вагон қараушы боламын деп шешім қабылдапты. Қысы-жазы желдің өтінде, аптап ыстықта жол бойында жүретін вагоншыға қарағанда, тепловоздағы жайлы орыннан бас тартқан жас маманның таңдауына таңданғандар көп. Бірақ әкесі Сағындық әскери борышын өтеп оралған ұлының қалауын ескеріп, ұйғарымына қарсы келмепті.

Жас маманның еңбек жолын вагон қараушы болып бастауына әкесінен алған тәлім-тәрбиесі әсер еткені анық. Зейнетке шыққанға дейін теміржол саласында қызмет еткен Сағындық Қарабеков 43 жылды шойын жолдың бойында өткізген.
– Біз әулетімізбен теміржолшылармыз. Үш қыздың біреуі, 5 ұл түгел әкемнің жолын қуып, осы салада еңбек етіп келеміз. Інім Серік қалпына келтіру пойызында тракторшы болып 32 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Рустам да 12 жылдан бері сонда еңбек етеді. Беріктің ПЧ-51-де жолшы болып қызмет етіп жатқанына 22 жыл толды. Руслан Қарабеков 16 жыл бұрын «Қамқор локомотив» ЖШС-інде еңбек жолын бастаған.
Өзімнің ұлым Жасұлан ҚазАТК-ны бітірген, вагон қараушы болып жұмыс істеп жүргеніне 12 жылға жуықтады. Қызым Айдана КТСМ операторы. Әпкемнің балалары да, інімнің ұлы да теміржолшы. Бұрын қарашаңыраққа жинала қалсақ, әкем бізге нұсқаулықтарды айтып отыратын. Қанша жасқа келсе де, жадында сақтағанына таңғалатынбыз. Кейін бізде сондай деңгейге жеттік. Бұл өзі тәжірибе арқылы келеді екен, – дейді Жетпісбай Сағындықұлы.
Жұмысты вагоншы болып бастап, кейіннен дәнекерлеуші, 8 жылдан соң, Жамбыл вагон пайдалану депосының цехына аға вагон қараушы болып ауысқан білікті маманға басшылар талай мәрте жоғары қызметті де ұсыныпты. Алайда ол өз жұмысына адалдық танытып, қарамағындағы жиырма вагон қараушының «сіз кетсеңіз, біз қайтеміз» деген сөзін қимай, бәрінен бас тартады.
– Біз негізінен Бурыл, Аса, Шайқорық, Құмшағал станциялары және «Қазфосфат» ЖШС-нің зауыттарында жүк тиеу жұмыстарына жауаптымыз. Әр станцияда 4 вагон қараушы бар. Вагон цистерналарына қауіпті жүктерді тиейміз.
Мысалы, «Жаңа Жамбыл фосфор» және «Жамбыл суперфосфат» зауытында сары фосфор, күкірт қышқылын вагондарға тиейміз. Оны ішкі тұйық жолдар арқылы теміржолға шығарып, экспортталатын елдерге жібереміз. Айталық, депоның техникалық қызмет көрсету бекеттеріндегі вагон қараушылар автоматшы болса, тек қана тежегішті қарайды, ал желі бойындағы біздің жұмысшылар вагонның шанағын, тежегішті, доңғалағының көлемін бәрін қарап, құжат дайындайды. Содан сол вагондарға А нүктесінен – Б нүктесіне жеткенше түгел жауаптымыз. Егер Ресейге экспортқа шығарылған жүк тиелген вагон жолда бір станцияда тоқтап қалса, олар бізге хабарласады. Вагонның нөмірін айтады, сол нөмір бойынша, ол вагонды кім жібергенін қарап, себебін анықтаймыз. Ал шетелден келе жатқан вагон біздің жолға келгенде ақау анықталса, оны тоқтатып, жөнелтушілерге вагонды жөндеуге жіберу керек екенін хабарлаймыз.
Күні кеше Латвиядан хабарласты, олардың құжаттары бойынша вагон доңғалағы 25 милимметр болып тұр, ал талап бойынша 26 болуы керек. Бір милимметрдің өзі көп рөл ойнайды. Егер оны біз қарамай жібере салсақ, ол жеткенше 24-ке түседі, екі ортада біздің вагон қараушылар кінәлі болып қалады. Сондықтан біз жүкті жөнелтушілерге вагонды жөндеуге жіберу керектігін айттық, – деп түсіндірді аға вагон қараушы өз жұмыстарының ерекшеліктерін.
Жетпісбай Сағындықұлы желі бойындағы вагон қараушылардың еңбектері ерен екенін айтады. Шағын ұжымның әр істе ұйымшылдығы да байқалады. Олардың ауызбіршілігі әр станция басында вагон қараушыларға арналған қосын салу кезінде анық көрінген.
– Бұрын біз станция кезекшілерінің жанында отыратынбыз. Қауырт жұмыс кезінде кейде кедергі келтірмеу үшін далада жүретін кезіміз де болатын. Кейін аға вагон қараушы болғанымда, басшыларға айтып жүріп, станция басынан жер сұрап, вагоншыларға арнап қосын салып алдық. Оның айналасын абаттандырып, шырша, түрлі тал-дарақ отырғыздық. Қосынға жылына екі рет жөндеу жұмыстарын жүргізіп тұрамыз, – дейді кейіпкеріміз.
Жетпісбай Қарабековтің айтуынша, желі бойындағы вагон қараушыға қойылар талап жоғары, жүктелетін жауапкершілік жүгі ауыр екен. Жүк тиелген вагондағы ақауды байқамай жолға жіберуге рұқсат жоқ. Асқан қырағылық қажет. Олай болмаған жағдайда, сұрауы үлкен.
Осыдан біраз жыл бұрын желі бойындағы вагон қараушылар бір келеңсіздікке тап болады. «Қазфосфат» ЖШС-нің зауыттарында тиелген екі жүк вагонын Ресей қабылдамай қояды. Себебі құжатта вагонның жақ өлшемі дұрыс берілмеген. Жүк жолда бірнеше күн тұрып қалады. Бұл жағдай Астанаға компания басшылығына дейін жетеді. Вагонды жолға жіберуге дайын деп қол қойған вагон қараушылар анықталып, кінәлілерді жазаға тарту, жүкті кері қайтарып, шығынын солардың есебінен өтеу керектігі айтылады.
Жетпісбай Сағындықұлы екі оттың ортасында қалғандай күй кешеді. Бір жалақыға қарап отырған жұмысшыларының жай-күйі өзіне мәлім. Соны ойлағанда, ұйқысы қашады. Зауыт басшыларымен сөйлесіп, кәсіпорынның есебінен вагонды кері қайтаруға көндіреді. Жүкті қайтарғанша, басқа вагондарды дайындап қояды. Кейін оны қайта тиеп, жолға жіберіп, мәселені оңтайлы шешіпті.
Жұмысшының жағдайына қарап алаңдап тұратын аға вагон қараушыны 2022 жылы Жамбыл вагон пайдалану депосының кәсіподақ ұйымының төрағасы етіп сайлайды. Үш жыл өз міндетін адал атқарған Жетпісбай Қарабековке кәсіподақтың тізгінін биылғы сайлауда қайта тапсырыпты.
Адал еңбектің жемісі тәтті. Жетпісбай Сағындықұлы 2012 жылы «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін» төсбелгісімен, былтыр компания президентінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Ардақ Үсейінова,
журналист

Comments (0)
Add Comment