Еліміздегі құс фабрикаларының қожайындары да жұмыртқа бағасын арзандатуға келісіп, бір баға бекітті. Қазақстан жұмыртқа өндірушілер қауымдастығы он дана жұмыртқа 320 теңгеден сатылады деп шешім қабылдаған, деп хабарлайды “Jambyl-Taraz” ақпарат агенттігі «КТК» арнасына сілтеме жасап.
Фабрикалардың бағалары тұрақтанғанымен, делдалдар мен сатушылар жұмыртқаның құнын түсірмей отыр.
«Бірінші санаттағы 10 дана жұмыртқаны фабрикадан 320 теңгеден сатуға еліміздегі құс фабрикаларының барлығы дерлік келісті. Желтоқсанның алғашқы он күндігінде осы бағамен сатыла бастады. Ал делдалдар мен сатушылар қаншадан саудалайтынына біз жауап бере алмаймыз», – дейді Қазақстан жұмыртқа өдірушілер қауымдастығының президенті Максим Божко.
Мәселен Көкшетауда жұмыртқаның 10 данасы 430-480 теңгеден сатылып жатыр. Ал Маңғыстау облысында жазда бір данасы 30-35 теңге тұратын жұмыртқа қазір 50 теңгеге бір-ақ көтерілген. Сатушылар бағаның көтерілу себебін түсіндірді.
Олардың сөзінше, мұнайлы аймаққа азық-түліктің 80 пайызы көрші елдер мен еліміздің өзге облыстарынан тасымалданады. Сондықтан сатушылардың өзі қымбат бағаға келген өнімді арзанға сата алмаймыз деп отыр. Тұрғындар қолдан келгенше әлеуметтік азық-түлік бағасын арзандатса дейді.
«Азық-түлік удай қымбат. Жазда жұмыртқаның бағасы 35 теңге еді. Қазір үйдің қасындағы дүкеннен 55 теңгеден алдым. Неліктен бағасы көтеріліп жатыр? Бағаның төмен түскенін қалаймыз», – дейді Ақтау қаласының тұрғыны Раиса Сыйхова.