30 жылдық белеске 11 124 оқырманмен бірге!

Тағы бір жыл тарих қойнауына енді. Өткен жылға өкпе жоқ, әрине. Ал биылғы Жылқы жылынан күтер көп. Қазақтың қанымен үндес, жанымен тілдес жылқы жануары қай кезде де қасиетті саналған. Сондықтан халық Жылқы жылын жақсылыққа жорыған.

Осы орайда биыл облыстық «Jambyl-Taraz» газетіне де ерекше жыл. 1996 жылдың 16 ақпанында алғашқы нөмірі жарық көрген өңір үнпарағы 30 жылдық белесіне аяқ басып отыр.
Ел егемендігінен кейін еңсесін тіктеп, болашаққа нық қадам басқан басылымға ең алғаш сол кездегі Тараз қаласының әкімі Болат Жылқышиев қолдау көрсеткен. Ал газеттің тұңғыш бас редакторы болып Дархан Байтуов тағайындалады. Бастапқыда демеушілердің қолдауымен жарық көрген қалалық газет 3 мың оқырманнан бастап, 22 мың оқырманға дейін тарай бастайды.
Дархан Байтуовтан кейін газетті әр жылдары Болат Дүйсебаев, Ирина Маликова, Көкен Оршабеков, Эльмира Мырза-Ғали сынды азаматтар басқарып, өзіндік қолтаңбасын қалдырған. «Jambyl-Taraz» газетінің тізгінін бірнеше жыл ұстаған марқұм, жазушы, ақын, драматург Болат Бекжанов ағамыздың да еңбегі ел есінде. Ал газетті ең ұзақ уақыт басқарған Эльмира Иниятқызы үнпарақтың өрістеуіне өлшеусіз үлес қосқаны даусыз.

2021 жылы газеттің тізгінін белгілі журналист Дәулет Төленді қолына алды. Талай жыл өңірлік басылымдарды басқарып, журналистика саласында ысылған азамат үнпарақтың өрісін қалалықтан облыстық деңгейге көтеріп, көкжиегін кеңейте түсті. Газеттің тынысын түрлі айдарлармен жандандырып, таралымы бойынша алдыңғы қатарға шығарды. Осылайша бір кездері қалалық шеңбермен шектелген газет облыстық басылымдармен үзеңгілесті.
Отыз жыл аймақтың айнасы, шаһардың шамшырағына айналған басылымда сақа журналистер – Жамбылбек Шоқыбас, Болат Жапаров, Сәуле Сейдахметова, Ерман Әбдиев, Жүрсінгүл Жақып, Талғат Талапұлы, Василий Мазур, Галина Скрипник, Еділ Әлиев, Сапарғали Әлібай, фототілшілер – Виктор Барбаш, Ағаділ Рысмахан, кейінгі буыннан бүгінде өңірге ғана емес, елімізге танымал – Бекнұр Сатыбалдиев, Хамит Есаман, Салтанат Әлімқұлова, Шухрат Хашимов, Юрий Ефимов, Индира Байқонысова, Жасұлан Сейілхан, Нұржан Қадірәлі, Маржан Сатыбалдықызы, Сәндібек Піренов, Құралай Сейсенбекқызы, Наурызбек Сарша, Шынболат Сейдуалиев, Арайлы Жақсылық, Толғанай Атабай, Дионисий Пляшешник сынды тілшілер де аянбай тер төкті. Бір сөзбен айтқанда, «Jambyl-Taraz» газеті отыз жылдың бедерінде талантты тілшілерді түлетіп, жас журналистердің ұстаханасына айналды.
Бүгінде басылым өз биігінен түспей, оқырманды тың жобаларымен қуантуда. «Шындықтың жүзі», «Бар мен жоқ», «Ақ пен қара», «Құлып пен кілт», «Оң мен сол», «Бұзық фотоаппарат» сынды айдарлар арқылы тұрғындардың түйткілді мәселелерін көтеріп, түйінін тарқатып келеді. Бұдан бөлек, «Әлеумет», «Қоғам», «Диагноз», «Талбесік», «Дидар», «Тылсым», «Тарих пен таным» атты арнаулы беттермен оқырман қауымды рухани мақалалармен сусындатуда.
Сондай-ақ кейінгі жылдардың басты жаңалығы – редакция қабырғасынан SММ тобы құрылып, түрлі әлеуметтік мәселелер мен жаңалықтарды көрерменге бейнеформатта жеткізуде. Ал әлемдік, республикалық һәм өңірлік жаңалықтарды ақпараттық агенттігіміз тәулік бойы таратуда. Бұл да басылымның жаңашылдыққа бет бұрып, өркениет көшіне көш түзегенінің бір көрінісі.
Әрине, мұндай ауқымды бастамалар жауапкершілік жүгін еселеп, алдымызға жаңа мақсаттар мен міндетті айқындайтыны анық. Сондықтан «Jambyl-Taraz» газеті биылғы 30 жылдық белесінде 11 124 оқырманын тың жаңалықтарымен қуанта бермек. Жыл ішінде көпшілікке ұсынар жобаларымыз бен түрлі айдарларымыз аз болмайды. Ендеше 30 жыл сүйікті басылымымен бірге болған оқырманды һәм әріптестерімді мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын! Жазар көп болсын!

Саятхан САТЫЛҒАНОВ,
«Jambyl-Taraz» газетінің бас редакторы

Comments (0)
Add Comment