30 жыл оқырманмен біргеміз!

Қай кезеңде болмасын қазақ баспасөзінің орны бөлек болған. Бүгінгідей қиын геосаяси жағдайда да газет-журналдардың алар орны ерек. Ашық ақпарат майданында алпауыт елдердің өздері баспасөзін тиімді саяси құрал ретінде пайдалануда. Аймақтың ақпарат айдынында өзіндік орны бар облыстық «Jambyl-Taraz» газеті де өңір көлемінде тарап, шалғай ауылдардағы ағайынмен қауышуда.

Жыл өткен сайын басылымның бет-бейнесімен қатар мазмұны да өзгеріп, журналистер қауымы қара халықтың мұң-мұқтажына құлақ түріп, бұқара мен билік арасында алтын көпірге айналды. «Шындықтың жүзі», «Құлып пен кілт», «Бар мен жоқ», «Ақ пен қара», «Оң мен сол» сынды айдарлар арқылы бұқараның базынасын көтеріп, түйінді түйткілдердің шешілуіне күш салуда. Сондай-ақ «Қала-қарбалас», «Қоғам», «Әлеумет», «Меже мен міндет», «Тапсырма талабы – нәтиже», «Салаға серпін» сынды айдарлар билік тынысын тұрғындарға жеткізіп, айтулы шаралардан құлағдар етуде. Бұдан бөлек, «Заң мен заман», «Диагноз», «Спорт», «Жалын», «Тылсым», «Талбесік» сынды арнаулы беттер үнпарақты тың қырынан танытуда.
2025 жылға өкпе жоқ. Газетіміздің таралымы 12 мың данадан асты. Енді, міне, алдағы 2026 жылға жазылу науқаны басталып отыр. Келер жылы да өркениет көшінен қалыс қалмай, оқырманның талғамын ескере отырып түрлі жобаларға жан бітіреміз.
2026 жылы – «Jambyl-Taraz» газетінің 30 жылдық белесі. Мерейтой аясында оқырман қауымды түрлі жаңалықтарымызбен қуанта бермекпіз. Сондай-ақ жыл ішінде басылымның беделі мен тынысын танытатын шаралар өткізіп, оны да оқырманға газет арқылы жеткіземіз. Тағы бір жағымды жаңалық – газетке жазылған оқырмандар арасында түрлі байқаулар өткізуді де жоспарлап отырмыз.
Құрметті, оқырман! «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Jambyl-Taraz» газетінің жаны да, жүрегі де әрдайым оқырманмен бірге. Ендеше, ширек ғасырлық белесінен асып, орда бұзар 30 жылдығына жетіп отырған басылымды бұдан әрі де қолдап, жазылудан шет қалмайды деп сенеміз!
Жазылу – Сіздерден, жағымды жаңалықтар бізден болсын, құрметті оқырман!

Саятхан САТЫЛҒАНОВ,
«Jambyl-Taraz» газетінің бас редакторы

Comments (0)
Add Comment