30 жыл бойы тоқтап тұрған субұрқақ іске қосылды

«Әулие-Ата» халықаралық әуежайы маңындағы субұрқақ алдыңғы толқын аға буынның әлі күнге дейін есінде. 1967 жылы пайдалануға берілген фонтан 1995 жылы жұмысын мүлде тоқтатқан болатын. Содан бері қараусыз қалған нысан қайта іске қосылды.

Аталмыш игі іске «Таразға тарту» жобасы аясында «СтройМонтажGroup» ЖШС себепкер болып отыр. Серіктестік өз қаражаты есебінен әуе айлағы аумағындағы субұрқақты қайта қалпына келтіріп, қала тұрғындарына сыйға тартты.
Қалпына келтіру жұмыстарының аясында мұнда 3 субұрқақ жөнделіп, орындықтар мен түнгі жарық шамдары орнатылды. Сондай-ақ 1 670 шаршы метр жерге асфальт төселіп, 500 шаршы метр аумақ жасыл желекпен көмкерілді. Жобаның жалпы құны 25 миллион теңгені құрады.
Осыған орай, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков жаңғырған субұрқақты арнайы көріп, демеушілерге ризашылығын білдірді. Сондай-ақ шаһар басшысы нысанды уақытылы күтіп-ұстауға баса мән беру қажеттігін де жеткізді.

Аман ЕСЕН

Comments (0)
Add Comment