Былтыр облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен жиында өңірде туризмнің дамуын тежейтін кедергілер жан-жақты талқыланған-ды. Сол отырыста аймақ басшысы Жамбыл жерінің тарихи-мәдени ескерткіштері мен тұмса табиғатына қарамастан туризмді дамытып, елімізден және алыс-жақын шет елдерден қонақтарды тарту жағы ақсап тұрғанын айтқан. Басқосуда облыстық туризм басқармасының бастамасымен осы мәселені жүйелі шешу мақсатында туризмді дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған стратегиялық жоспары әзірленіп жатқаны белгілі болған. Соған сәйкес Таразда танымал «2GIS» мобильді қосымшасының іске қосылатыны да айтылған еді.
Айтса, айтқандай-ақ міне, араға жыл салып, атақты қосымша Таразға да жетті.«2GIS»-тің негізгі міндеті қала тұрғындары мен қонақтарына ақпараттық қызмет көрсету болған соң, қосымшада ұйымның анықтамалары мен қаланың картасы да енгізілген. Яғни, кез келген азамат қосымшаны жүктеп алып, баратын жеріне төте жол арқылы тез жете алады. Қосымша іске қосылды дегенді естіген бойда жүктеп, сынап көргендер де баршылық. Солардың бірі – қала тұрғыны Нұрбек Қиғамбек.
– Мен «2GIS» қосымшасының еліміздің ірі қалаларында бар екенін таныстарымнан еститінмін. Олар қайда барса да, осы қосымшаның көмегімен, бағытынан адаспайды екен. Бұл жобаның Таразда жүзеге асырылатынын естіп қуанып қалдық. Тараз еліміздің ең ірі қалаларының қатарында болмаса да, тарихи ескерткіштердің ошағы. Бізде де көрікті жерлер аз емес. Сонымен қатар қонақтарды айтпағанда, кейде өзіміз де қаладағы кейбір нысандардың қайда орналасқанын білмей ағайындардан сұрап жатамыз. Енді заманауи карта арқылы ол кедергілердің барлығын ұмытамыз,–дейді тұрғын.
Әрине, бұл заманауи «темірқазықты» іске қоспай тұрып, мамандар әуелі қала бойынша маңызды ақпараттарды жинаған. Қазір қосымшада қаладағы спорт нысандары, балалар алаңдары, саябақтар, демалыс және ойын-сауық орындары, ұйымдар, үйлер, қоғамдық көліктер, ең бастысы туристік объекттер, соның ішінде мәдени-тарихи ескерткіштер және басқа да орындар енгізілген. Осылайша пайдаланушылар енді қала туралы толық әрі нақты мәліметтерді тегін ала алады. Сондай-ақ бұл қосымшаның тағы бір басым тұсы, шаһардағы қалаған нысанға бару үшін ғаламтор желісіне қосылудың да қажеті жоқ. Расында, заманауи қосымша ең әуелі қала қонақтары үшін таптырмайтын құрал болмақ. Себебі статистикаға сүйенсек, шаһарға жыл сайын елімізден және алыс-жақын шет елдерден мыңдаған турист келеді.
– Иә, қаладағы тарихи-мәдени нысандарды тамашалау үшін арнайы келетін туристер де жыл сайын артуда. Осы ретте «2GIS» жобасының жүзеге асырылғаны қуантып отыр. Бұл жаңашылдық мәдениет саласынан да айналып өтпейді. Себебі басқармаға қарасты театр, мұражай, кітапхана сынды мәдени нысандардың аталмыш қосымшаның мәліметтер базасында тұруы өзіндік маңызға ие. Заманауи қосымша қаланың электронды анықтамалығы болу арқылы тек тұрғындарға ғана емес, қала қонақтарына да жол сілтеуші көмекші құралға айналып үлгерген. Бұл әрине, қалада турзмді дамыту бағытындағы тағы бір сәтті бастама болды десек жаңылмаймыз,–дейді облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай.
«2GIS Тараз»-дың франшизасын «EsConsulting» ЖШС сатып алыпты. Нақты деректерге сүйенсек, халықаралық деңгейдегі қосымша әлемнің 11 елінің 400 қаласында қызмет көрсетеді. Ал оның пайдаланушылары 55 000 000-нан асып түседі екен. Әлемде және елімізде оң бағасын алып жатқан атақты қосымша тараздықтар мен қала қонақтарының қолайлы жол сілтеушісі болатынына бек сенімдіміз.
Сәндібек Піренов