«Таңғаларлық қасиетіңіз бар»: Мәжіліс төрағасы министр Бейбіт Атамқұловқа шүйлікті

Мәжіліс отырысында Нұрлан Нығматулин «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасын бірінші оқылымда талқылау кезінде депутат Арман Қожахметовтің сауалына жауап берген индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың жауабын ұнатпай қалды, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz  сайтына сілтеме жасап.

Мәжіліс депутаты Арман Қожахметов министрден өңдеуші кәсіпорындарды отандық шикізатпен қамтамасыз ету жайлы сұрады. Оның айтуынша, қаралып отырған заң жобасы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету ережелерін бекіту құзыретін береді. Бірақ заң жобасында мұндай ережелер туралы, басқа да нормалар туралы бір ауыз сөз жоқ.

“Сол себепті өнеркәсіп кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету үшін ережелерде қандай критерийлер енгізіледі? Осыны түсіндіріп беріңізші», – деді ол.

Министр Бейбіт Атамқұлов бұл норма отандық кәсіпкерлер өтінішімен енгізілгенін айтып жатқан, алайда оның сөзін Нығматулин бөліп жіберді.

«Бейбіт Бәкірұлы, сіздің қойылған сұраққа жауап бермей, өзіңіз білетін тақырыпта ғана сөйлей беретін таңғаларлық қасиетіңіз бар. Қазір сізге басқа сұрақ қойылып тұр. Өңдеуші кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету қағидалары мен ережелері заң жобасында жазылуы керек. Министр ретінде өзіңіз осымен келісесіз бе?» – деді төраға.

Өз кезегінде министр толығымен келісетінін айтты.

«Шынымен де, бұл жерде ертең адами фактор рөл ойнауы мүмкін», – деді министр.

Нұрлан Нығматулин мұны құптап, болашақта шенеуніктер кәсіпорындарға қысым көрсетпеу үшін критерийлер мен принциптерді бекіту қажеттігіне назар аударды. Осы құжаттағы жаңалықтарының бірі – мемлекеттік қолдау шараларын алушы кәсіпорындар үшін қарсы міндеттемелерді белгілеу. Яғни мемлекет инвестицияланған ақшадан нақты нәтиже күтуге құқылы.

“Мәселен, мемлекеттен қолдау күткен кәсіпкер, өз бизнесін қалай жоспарлайды? Өйткені ол өзінен не талап етілетінін білмейді ғой. Осы заң жобасының үкіметтік нұсқасында да анық көрсетіліп тұр. Кәсіпкер қатаң талаптан құтылу үшін шенеуніктің алдына барып, өтініш жасауына тура келеді. Әрі қарай түсінікті. Шенеунікке ешқандай бақылаусыз шешім қабылдауға мүмкіндік бер, бірден сыбайластық құқықбұзушылыққа жол ашады. Сондықтан, бұл норманы үкіметтік нұсқа бойынша қалдыруға болмайды, – деді мәжіліс nөрағасы.

Сондай-ақ , Нұрлан Нығматулин мемлекеттік қолдауға жүгінген кәсіпкерлерге талапты қатаңдатуға болмайтынына назар аударды. Осыған сәйкес, жұмыс тобына жауапты министрлікпен бірге екінші оқылымға дейін тиісті міндеттемелер жөніндегі норманы нақты, анық және түсінікті етіп толықтыру қажеттігін айтты.

Comments (0)
Add Comment