Депутаттыққа кандидаттардың сайлау қорын ашу туралы түскен сұрақтарына байланысты төмендегідей түсініктеме береміз:
«Қазақстан Республикасының Сайлау туралы» Заңының 106-бабында Саяси партияның, мәслихат депутаттығына кандидаттың сайлау қорының мөлшерi туралы төмендегіше айқындалған:
1. Саяси партиялар ұсынған партиялық тізімдер құрамында дауысқа түсетін кандидаттар өздерінің сайлау қорларын құруға құқылы емес.
2. Саяси партиялардың әрбір партиялық тізімге сайлау қорлары:
1) саяси партияның жалпы сомасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінен бір мың еседен аспауға тиіс меншікті қаражатынан;
2) Қазақстан Республикасының азаматтары мен ұйымдарының жалпы сомасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген ең төменгі жалақы мөлшерінен екі мың еседен аспауға тиiс ерiктi қайырмалдықтарынан құралады.
Жеке тұлғаның ерікті қайырмалдықтарының шекті мөлшерлері жиынтығында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінен елу еседен және Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының ерікті қайырмалдықтарының шекті мөлшерлері жиынтығында екі жүз елу еседен аспауға тиіс.
3. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттары депутаттығына кандидаттың сайлау қоры:
1) кандидаттың жалпы сомасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінен бір жүз еседен аспауға тиісті өз қаражатынан;
2) Қазақстан Республикасы азаматтары мен ұйымдарының жалпы сомасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінен екі жүз еседен аспауға тиісті ерікті қайырмалдықтарынан құралады.
Жеке тұлғаның ерікті қайырмалдықтарының шекті мөлшерлері жиынтығында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінен он еседен және Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының ерікті қайырмалдықтарының шекті мөлшерлері жиынтығында жиырма бес еседен аспауға тиіс.
4. Аудандар мен қалалар мәслихаттары депутаттығына кандидаттың сайлау қоры:
1) кандидаттың жалпы сомасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінен елу еседен аспауға тиісті өз қаражатынан;
2) Қазақстан Республикасы азаматтары мен ұйымдарының жалпы сомасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінен бір жүз еседен аспауға тиісті ерікті қайырмалдықтарынан құралады.
Жеке тұлғаның ерікті қайырмалдықтарының шекті мөлшерлері жиынтығында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінен бес еседен және Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының ерікті қайырмалдықтарының шекті мөлшерлері жиынтығында он бес еседен аспауға тиіс.
ЕСКЕРТУ: Қазақстан Республикасындағы ең төменгі жалақы мөлшері – 70 мың теңге көлемінде қалыптасқан.
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2014 жылғы 17 шілдедегі №11/234 қаулысымен «Қазақстан Халық жинақ Банкі» Акционерлік қоғамы, тіркелген кандидаттардың сайлау қорларының және партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың арнаулы уақытша ағымдағы шоттарды ашатын және жүргізетін банк мекемесі болып айқындалған.
Жамбыл облыстық сайлау комиссиясы