Денсаулық сақтау саласына – айрықша назар

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында баспасөз конференциясын өткізіп жатқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өңірдегі денсаулық сақтау саласындағы атқарылып жатқан жұмыстардың барысына тоқталып өтті.

Қазіргі уақытта облыста 391 денсаулық сақтау нысаны қызмет көрсетуде. Бұдан бөлек 24 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның 10-ы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында қолға алынған. Бүгінге 6 нысан пайдалануға беріліп үлгерген. 2023 жыл соңына дейін тағы 13 денсаулық сақтау нысанын пайдалануға беру жоспарлануда. Қалған 5 нысан 2024 жылы тапсырылмақ.

– Сонымен қатар 9 нысан күрделі жөндеуден өтті, 2 нысанда жұмыстар жүргізілуде. 19 аурухана мен 3 емханаға медициналық құрал-жабдықтар және 14 аурухана мен 3 емханаға 40 бірлік жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Нәтижесінде емдеу мекемелерінің медициналық техникалармен қамтамасыз етілу деңгейі 96 пайызға жеткізіледі, – деді Е. Қарашөкеев.

Ал 2024 жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 20 медициналық-санитарлық нысанның құрылысын бастау жоспарланып отыр екен. Сондай-ақ алдағы уақытта Байзақ, Қордай, Жуалы аудандарында 3 ірі аудандық аурухананың құрылысын салу, Меркі, Шу және Талас аудандарында 3 ауданаралық көпсалалы ауруханаларды қайта жаңғырту көзделіп отырған көрінеді. Нәтижесінде денсаулық сақтау нысандарының тозуы 40,3 пайыздан 38 пайызға дейін азайтылмақ.

Comments (0)
Add Comment