Алматы облысында жыныстық зорлық-зомбылық көрген 19 жастағы қыздың отбасы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады. Олар мемлекет басшысынан бұл мәселені жеке бақылауына алуды сұрайды, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Қызға отбасының жақын досы зорлық көрсеткен. Жәбірленуші тарап қылмыс болғаннан бері үш ай өткеніне қарамастан, күдікті әлі бостандықта жүргенін айтады.
Бұл сұмдық оқиға жайлы ауылдастыры білмейді. Қызға екі жылдан аса әкесін, ағасын тасып жүріп отбасының досына айналған адам қиянат жасаған. Сол күні ер азамат қоқысты шығарамын деген сылтаумен қызды ашық далаға алып шығып, зорлаған.
«Мен барынша қарсылық көрсетіп бақтым, бірақ ол есік пен терезелерді жауып тастап, ойына алғанын жасады. Одан соң оның жуынуға шыққан уақытын пайдаланып мен қашып шықтым да ағама хабарластым. Ол менің артымнан ерді, бірақ мал бағып жүрген қойшыларды көріп, кері бұрылып кетіп қалды. Мені ағам мен әкем келіп алып кетті», – дейді жапа шеккен қыз.
Жәбірленушінің ағасы полицеймен бірге күдіктінің үйіне келген. Ол есікті жауып қойып, кейіннен қашып кеткісі келгенімен заң қызметкерлері оны қолға түсірді. Күдікті қылмысын мойындап, сараптама да барлығын растады деп қосты қыздың ағасы. Содан бері үш ай уақыт өтсе де күдікті бостандықта жүр.
«Естуімізше, күдіктінің Қаскелеңде құқық қорғау органдарында жұмыс істеген екен. Қымбат көлікпен жүреді. Мен оның істі жүргізетін тергеушімен сөйлескенін көрдім. Содан бері іс саябырсып қалды, қылмыскер бостандықта жүр ал менің қарындасым есік алдына да шығуға қорқады», – дейді ағасы.
Күдіктінің жасы 35-те. Оның әйелі мен үш баласы бар. Әйелі болған оқиға туралы біледі. Жәбірленушілерге күдіктінің туыстары жиі келіп, кешірім беруді сұрайды.
«Туыстары миллион теңге ұсынды. Кейіннен күдіктінің әйелі келіп, екі миллион беретіндерін айтты. Олар зорлық көрсеткен азамат қызыма үйленеді деп сендіргісі келеді. Бірақ мен қызымды ақшаға сатпаймын. Қылмыскерді ұзақ уақытқа түрмеге тоғыту қажет деп санаймыз. Біз президентімізден көмек сұраймыз. Мұндай азамат біздің қыздарымыз үшін қауіпті», – дейді жәбір көрген қыздың әкесі.
Полиция өз кезегінде бұл істің «Зорлау әрекеті» бабы бойынша тіркелгенін атап өтті. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, сараптамалар тағайындалған.
«Азамат А. күдікті ретінде танылып, орын алған оқиғаға байланысты жауап алынды. Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы және қосымша шектеу ретінде ешқайда кетпеу қолхаты алынды», – деді Алматы облысы ПД баспасөз қызметінің медиа-талдаушысы Ернар Сайдильдин.
Полиция қылмыстық істің әрі қарай сотқа жіберілуі үшін прокуратураға жіберілгенін қосып өтті. Жәбірленушінің туыстары Бас прокуратурадан іске араласуын өтініп, күдіктіні тергеу изоляторына қамауды сұрайды.