Бүгінде Тараз қаласының аумағы кеңейіп, халық саны да артып келеді. Соған байланысты жаяу жүргіншілер жолын салуға деген қажеттілік те өсуде. Бұл бағытта биыл шаһар аумағында жеті жоба қолға алынып, он сегіз шақырымға жуық жаяу жүргіншілер жолы салынуда.
Айталық, қазір Абай көшесінің бойында «KAZ ELIT STROY» ЖШС-нің мердігерлігімен 3,172 шақырым жаяу жүргіншілер жолының құрылысы басталды. Сондай-ақ Әйтиев және Ы.Дүкенұлы (Саңырық батыр көшесінен Байзақ батыр көшесіне дейін), Әшімбаев (Ы. Дүкенұлынан Байзақ батыр көшісіне дейін) көшелерінде де жүргіншілерге арналған тротуар салу жұмыстары жанданды.
Ал ұзындығы 1 шақырым 114 метр болатын Т.Аппаев көшесі мен Кіші Бесағаш көшесінде бүгінгі күні жұмыстар толық аяқталып, ел игілігіне берілді.
Бұдан бөлек, «КАТСА» ЖШС-нің мердігерлігімен ұзындығы 3 шақырым 245 метр болатын Пушкин және Бектұрғанов көшелерінің көлік жолымен бірге жаяу жүргіншілер жолының да құрылысы жүруде. Сонымен бірге Демьян Бедный көшесінде де тура осындай ілкімді істер атқарылуда.
Міне, осылайша жаяу жүргіншілер жолына жергілікті билік айрықша көңіл бөлуде. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жүйелі жалғасын табатын болады.
Айта кетейік, былтыр қала аумағында жалпы ұзындығы 14 шақырымды құрайтын 11 жоба жүзеге асырылған болатын.
Айдар Айнабала